Электронды төлем: тиімділік неде?

389

0

Қоғамдық көліктерде сандық технологияға көшу бірте-бірте іске асып жатқанда, кондуктор қолынан билет алып үйренген жұртқа бұл жаңалық шынымен түсініксіз болды. Алайда, электрондық жолақы төлеу жүйесі тасымалданған жолаушы санының нақты болуы, сапаның жоғарылауы, табыс көзінің ашықтығы мен салықтық кірістердің артуын жеделдететіні анық байқалды. Енді жол ақысын «Мой Beeline» ұялы қосымшасы арқылы төлеуге де мүмкіндік қарастырылып отыр. Аталған оператордың қызметін қолдану арқылы жолаушылар 10 теңге үнемдей алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Alempay» ЖШС филиал директорының орынбасары Абат Бахытбекұлы хабарлады.

– Бүгінде қаладағы қоғамдық көлікте жол жүру құны 90 теңге, ал электронды карта арқылы төлем жасаушылар үшін 85 теңге көлемінде бекітілген. Біз жолаушыларға элек­т­ронды төлем жасау түріне көшуге кеңес береміз. Бұл арқылы жем­қорлықтың алдын алуға болады. Сондай-ақ, қанша жолаушы қоғамдық көлік қызметін пайдаланғанын есептеуге мүмкіндік туады. Мақсат – қызмет сапасын арттыру, – деді Абат Бахытбекұлы.

Тұрғындардың ұсынысына сәй­кес, барлық банк карталары мен қо­сымшалары және ұялы байланыс операторлары арқылы төлем жасауға болады. Бұл QR код немесе SMS жолдау арқылы жүзеге асады. Аталған жүйемен есептесу автобус паркіне қарасты 5 бағытта қызмет көрсететін автобустарға ғана қатысты. Өткен жылы 103 машинаға электронды төлем жүйесінің құрылғысы қо­йылып, 55740 адам ұялы телефон қо­сым­шасымен және  878040 адам қолма-қол чек жүйесі бойынша төлем жасаған.

Жалпы, қалаішілік 32 бағытқа барлығы 636 автокөлік екі ауысыммен қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде үлкен сыйымдылықтағы 125, орта сыйымдылықтағы 211 және кіші сыйымдылықтағы 300 қоғамдық көлік қатынайды. – Өткен жылы автобустарды жа­ңарту бойынша 13 дана «Жонгтонг» маркалы автобустар алынып, №1 ба­ғыт қатарына қосылды. Қазір тасымалдау үшін жетіспейтін көліктердің саны – 150. 2019 жылы субсидия ретінде 278 млн теңге, жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында 209 млн теңге бөлініп, барлығы 487 млн теңгеге 13 дана «Жонгтонг» маркалы автобус алынды, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<