Кәсіптік білімнің көкжиегі

385

0

Ғасырға жуық тарихы бар Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі – кәсіби мамандар шоғыры қалыптасқан іргелі оқу ордасы. Бүгінде 11 мамандық, 18 біліктілік бойынша білім беретін колледжде студенттерге барлық жағдай жасалған. Мұнда жаңа оқу-техникалық құралмен жабдықталған 36 кабинет, 10 шеберхана, 3 полигон, 100 орындық ғылыми-әдістемелік кабинет, ауыл балалары үшін 100 орындық жатақхана бар. Білім ордасы 2020 жылы «Жас маман» жобасы аясында оқуға қажетті заманауи құрал-жабдықтар алынды. Бұл студенттердің сапалы білім алуына, білікті маман болып қалыптасуына мол мүмкіндік беруде. Бүгінде колледж көлік-логистика бағытында өзге оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Міне, осының нәтижесінде үздік студенттер жоғары оқу орындарында грантта оқуда.Еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Оқу орнында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Студенттер дуалды оқыту жүйесі бойынша бірнеше мекемелерден тәжірибеден өтуде.

Мәселен, аудандағы Қазалы вагон жөндеу депосы, Қазалы локомотив жөндеу зауыты, Қызылорда жол бөлімінің Қазалы станциясы, «LCІ-MK», «Намыс-Құрылыс», «АЭS and Limited», «РЗА Нан» серіктестіктерінде білімдерін шыңдауда.

Еліміз бойынша темір жол мамандарын дайындайтын санаулы оқу орындарының бірі – Қазалы көлік-техникалық колледжі уақыт көшінен қалыспай, сала кадрларын даярлау ісін одан әрі де жандандыра бермек.

Гүлбану МАҚАЖАН ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<