КӨКТӨБЕЛІКТЕР КӘСІБІ САН САЛАЛЫ

375

0

Жаңақорған ауданы егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін арнайы салынған үрлемелі су тоспасы бар. Содан күншығысқа қарай иек көтерім жер жүрсеңіз, Көктөбе  ауылына маңдай тірейсіз.

Көктөбе демекші, осы жерде қызық бір дерек еске түседі: тарихы қатпарлы Түркістан қаласының тұсындағы дарияның сол жақ жаға­лауы баяғы жаугершілік замандарда кіші-гірім түрлі бекеттерімен көне шаһардың қорғанысын кү­шейт­кен секілді. Бесарықтың тұ­сын­­дағы Келінтөбеден бері қа­рай шыққан жол Абызтөбе, Қара­төбе, Раздытөбе, Ақтөбеге – әрқай­сы­сы­ның аралығына он­шақты шақы­рым салып отырады да, жаңағы өзіміз айтқан Көктөбеге  жетелеп келеді. Сөйтсек, Көктөбеміз шы­ғыс жақтағы төбе дегені екен ғой. Ақтөбеміз батыстағы төбе, яғни, әрқайсысының өзіндік сы­ры бар деген сөз. Сонымен Көк­төбенің орталық көшесінде тұр­мыз. Кеңестік дәуірде Түркістан совхозының №2 фермасының орта­лығы болған шеткері ауыл 2005 жылы өз алдына дербес ауылдық округ болып қайта құрылды. Бұл тұрғындардың болмашы құжат үшін әрі-бері әурешілігін азайтып, на­рықтық қатынас талаптарына орай, өз тіршілігін күйттеуге жол ашты. Бұл ауылда нақты кезеңде 120 отбасында  607  халық  тұрады.  Елді  мекенде  негізгі  мектеп,  20  бүлдіршінге  арналған бөбекжай,  80 орындық  клуб  үйі, кітапхана, ФАП,  2 монша, 3 сауда  нүктесі, 3,92  шақырым  ауыз  су  құбыры  халыққа  қызмет  көрсетеді. Бұл енді Ел тәуел­сіздігінің жақсылығы. Бұрын мұн­дай әлеуметтік нысандардан ада ауыл тұрғындары үшін үлкен жетіс­тік екендігі де шындық.

– Облыс әкімінің үш жылды жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылдары деп атауына байланысты бұл салада тиянақты жұмыс жүргізіле бастады. Елді мекеніміз аудан орталығынан шалғайда орналасқандықтан да бір­шама қиындықтар кезікті. Дегенде, қойылған талап тұрғысынан шығу үшін ұйымдастыру жұмыс­тарын барынша қолға алдық. Қазіргі есеп­ті мерзім уақытында «Нәтижелі  жұмыспен  қамту  және  жаппай  кәсіп­керлікті  дамыту»  бағыты  бойын­ша  жалпы  округте  18 жеке  кәсіп­керлік  нысаны  мен 1 шаруа  қо­жа­лығы  тіркелген.  Оның  ішінде  биыл  5  кәсіпкер  өзінің  кәсіптік  нысанын  ашып,  жұмыстарын бастады. «Бизнестің жол  картасы – 2020» бағдарламасының  мемлекеттік гран­тына (қайтарымсыз  несиеге) осы жылы 1  кәсіпкер  қатысып, жо­ба­сын  қорғап грантын жеңіп  алды. Осы  жерде айта  кету  керек, «Атамекен» кәсіпкерлік  палатасы аудандық филиалының басшысы М.Нұртазаев пен аудан  әкімінің  орынбасары Ғ.Сопбеков  жақсы қол­дау  көрсетті, – дейді ауыл әкімі Боран Әбуов бізбен әңгімесінде. Ауыл басшысының айтуына қара­ған­да, ауыл тұрғыны  Болатбек Бекташов өзінің  «Адырбек»  атты жеке кәсіпкерлігін  ашып,  «Бизнес  кеңесші» жобасымен  оқудан  өтіп, құс (қаз)  өсіру  бойынша өз  жобасын  сәтті  қорғады. Ендігі  кезекте «Ауыл шаруашылығын  қолдау»  қо­ры»  арқылы несие  қаржысын  алмақшы. Сондай-ақ,  1  азамат  «Бастау-Бизнес»  жобасымен оқуға  қа­ты­сып, өз  кәсіпкерлігін  тіркетті. Қа­зір мүйізді  ірі  қара  малын  өсіру  бағытымен  жобасын қорғап, «Өңір­лік инвестициялық  орталық»  арқылы   несие -қаржы  алу  үшін  жұ­мыс  жасап жатыр.

– Ауыл  тұрғындарын  кәсіп­кер­лікке  бейімдеу, отбасын  жұмыс­пен  қамту, ауылдың  салық  базасын ұлғайту, елді  мекеннің  ажарын тү­зету  бағытындағы жұмыстар  үне­мі  атқарыла  беретін  болады, – дейді ол өз сөзін әрі қарай жалғап.

Күміс Қынашақызы құрған ша­руа­шылықтағы алма бағы мен ет бағытындағы ірі қара малының өсі­мі және елді мекендегі сауда дүкендері мен Мұрат есімді жігіт аш­қан жаңа типті монша осы сөздің растығын дәлелдегендей.

Көктөбе ауылы тұрғындарының  негізгі  кәсібі  мал  өсіру мен  егін егу.  2018  жылдың  жарты  жылдық  есебі  бойынша  717 бас  мүйізді ірі қара малы, 2754  бас қой мен  ешкі,  154 бас  жылқы, 323  құс  басы бар. 

– Осы екі шаруашылықты қабат алумен қатар, кішкене дүкен ашып, саудамен де тіршілік етудеміз,– дей­ді байырғы бригадир Бердіхан Тұрлыбеков.            

Көктөбе ауылының адамдары  өз бейімдеріне қарай тіршілігін жасап келеді. Әсіресе, ауыл адамдары тары дақылын егу мен оны өңдеудің тәсілін жете меңгерген. Табыстың ба­сы­мы да ауылға осы саладан түседі.   

Ауыл әкімі Боран Әбуов көп сөздің емес, нақты істің адамы. Оны ауылдастары ауыл басшылығына оралуына ықыласты болып, өті­ніш­терімен қайта шақыртып алған еді.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ, 

Көктөбе ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<