Көпсалалы аурухана және емхана салуға қолдау бар

583

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XХ сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді.

Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібінде 11 мәселе қаралды. Оның ішінде облыстың денсаулық сақтау саласын жақсарту шаралары, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жайы, кейбір мәслихат шешіміне өзгеріс пен толықтырулар енгізу, елді мекендерде жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту сынды мәселелер талқыланды. Әр мәселе бойынша жауапты сала басшылары баяндама жасады.

Жиында аймақ басшысы биылғы 9 ай ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында әр салада айтарлық өсім қалыптасқанын жеткізді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі 8,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,1, инвестициялар тарту 24, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,5, құрылыс жұмыстарының көлемі 35,1 және сауда көлемі 2,3 пайызға өскен.

Облыс басшысы мұнай қорының сарқылуына байланысты жаңа кен орындарын анықтау мақсатында өткен жылдан бері «Шу Сарысу», «Арал» және «Сырдария» шөгінді бассейндерінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізілгенін баяндады.

Өңдеу саласында облыстың ірі кәсіпорындары өндіріс көлемін арттырмақшы. Мәселен, уран өңдеумен айналысатын «Байкен – U» ЖШС  15%-ға, ас тұзын өндіретін «Аралтұз» АҚ 50%-ға және мұнай саласына қажетті полиэтиленді құбырлар шығаратын «КНК Кемикал» ЖШС 60%-ға арттыруға ниетті.

Ал, шыны зауытының күйдіру пеші қажетті температурасына жетіп, 9 қазанда алғашқы сынама шыны өнімі өндірілді. Қазіргі таңда шығарылған өнімді қажетті сапаға жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

Сессияда облыс әкімі бірлескен шұғыл шешімдердің нәтижесінде халық көптен күткен көпсалалы аурухана және емхана салуға қолдау таптық деді.

– Өңірге келгелі бюджеттің мүмкіндігіне иек артып ғана қоймай, елге жанашыр демеушілерді тарта отырып, әлеуметтік нысандар салуды қарқынды түрде бастап кеттік.  Қазіргі таңда бюджетке көптеген қосымша қаражат тартуға жұмыс жасалуда. Бұған дейін Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана және емхана салуға республикалық бюджеттен 36,4 млрд теңгеге ұсыныс берген болатынбыз. Сәті туып, қаржы алуға қолдау таптық. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастауға 750 млн теңге бөлуге шешім қабылданды. Бұл – өңір үшін үлкен мүмкіндік.

Білім саласында да жақсы жетістіктер бар. Келесі жылы жаңа мектептер салуға 19 млрд 600 млн теңге қаражат бөлінеді, – деді Н.Нәлібаев.

Сейсенбіде Үкімет селекторында Қызылорда өңірі тұрақты жұмыс орындарын ашу бойынша аймақтар арасында алдыңғы қатарда екенін айтылды.

– Жыл соңына дейін 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірдің барлық саласында 21,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамту, қысқартудың алдын алу және жалақы көлемін 50%-ға дейін арттыру бағытында облыстағы 52 ірі және орта кәсіпорындармен меморандум жасалғанын білесіздер. Соңғы алты айдағы тынымсыз атқарылған жұмыстардың нәтижесінде және ұсынылған жобаларды қолдауларыңыздың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізудеміз. Дегенмен бұған тоқмейілсуге болмайтынын да білеміз. Жыл соңына дейін барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде оң динамика қалыптастыруға ниеттіміз, – деді Н.Нәлібаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<