Көшбасшы болуға танымалдылық қажет пе?

565

0

Әр ортаның қимылы ширақ белсенді адамы болады. Өзгелерден ойы мен ұстанымы дараланып тұратын тұлғаны көшбасшы дейміз. Олар жеке өмірінде де, қызметте де алдыңғы қатардан көрінеді. Мұндай бақ кез келгеннің басына бұйыра бермейтін бақыт десек, арамызда осы екі жолды тең ұстап жүрген жандар жетерлік.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Көшбасшылық: Отбасы. Мансап.» тақырыбында өткен  кездесуде  өңір белсенділері жастармен ой саларлық әңгіме өрбітті. Шара барысында еңбек жолын қарапайым мұғалім болудан бастап, облыс әкімінің кеңесшісі қызметіне дейін көтерілген Рахима Ахметова тарихта өзінің дара қолтаңбасын қалдырған жандардың өмір жолына тоқталып, көшбасшылық қасиет туралы кеңінен мағлұмат берді.Көшбасшы болу үшін мінез, харизма немесе танымалдылық қажет пе? Бірінші болуды қалау, басқалардан оқ бойы озық тұру, алға қойған мақсатына жетпей қоймау адам табиғатында бар нәрсе. Алайда бұл тәккарпарлыққа, көреалмаушылыққа, қызғанышқа апарып соқпауы керек, – деді Р.Ахметова.

Ал “Қазпошта” АҚ Қызылорда филиалының директоры, көпбалалы ана Аида Абибуллаева басшылық қызмет пен отбасын қатар алып жүрудің сырын әңгімеледі.

Бала кезімнен тынымсыз, оқуға құмар, белсенді болдым. Әйел адамы үшін ең бірінші өмірге келгендегі миссиясы ұрпақ әкеліп, оған жақсы тәрбие беру екенін ешқашан ұмытқан емеспін. Қызмет пен отбасын қатар алып жүруде маған әрдайым азаматым қолдау білдірді. Сол кісінің арқасында мен барлық салада жақсы нәтижелерге жеттім дей аламын. Әрдайым ізденіс үстінде жүремін. Қазірдің өзінде бала кезімнен армандаған домбыра тартуды үйреніп, ағылшын тілін меңгерудемін, – деді.

Кездесу барысында келесі сөз тізгінін алған көпбалалы ана, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова бала кезден тым талапшыл екенін айтты. Қарапайым отбасында тәрбиеленген ол мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін, жоғары орнына түсуді мақсат етеді. Анасының бір ауыз сөзі алдағы жарқын өмірге жол ашқанын мақтанышпен жеткізді. Мира Жомартқызы әрқашан жақындарының қолдауына сүйенетінін жасырмады.Мемлекеттік қызмет саласында жүргеніме биыл 16 жыл болыпты. Кейде күн-күн демей жұмыс істеуге тура келеді. Сондайда ең бірінші үйдегі жақындарымның көмегіне жүгінемін. Отбасында ауызбірлік пен сыйластық болғанда қызметте абыройлы еңбек етуге болады, – деді басқарма басшысы.

        Жас кезінен өзінің іскерлігімен көзге түскендердің бірі Жандос Тұсмағамбетов те кездесу қонағы болды. Бүгінде үш баланың әкесі ретінде көпке үлгілі өмір жолын баяндап, ойларын ортаға салды.

Мазмұнды шара соңында жастар қызықты сұрақтар қойып, көшбасшы тұлғалардың ақыл – кеңестерін тыңдады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<