Көзкөргендер естелігі

842

0

Қызылордадағы «Тұмар» баспасынан жазушы, журналист, елу жылдан аса облыстық «Сыр бойы» газетінде еңбек етіп, зейнетке шыққан Қайырбек Мырзахметұлының 85 жасқа келген мерейтойы қарсаңында «Көзкөргендер» атты кітабы жарық көрді.

Авторды «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер ода­ғы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев бастаған қаламгерлер қауымы құттықтады.

– Баспа нарығында ширек ғасырлық тарихы бар «Тұмар» баспасы қолына қалам ұстаған азаматтарды қуанту, жазған дүниелерін жарыққа шығару бағытында жұмыс жасауда. Бұл жоба арқылы оқылымды кітап пен оқырман арасын жақындату мәселесі шешілсе деген ойымыз бар. Соның бір нәтижесі – сіздің бүгінгі қуанышыңыз. Қолына қалам ұстаған жандардың кітаптарын мүм­кіндігімізше тегін, болмаса арзан бағада шығарып беріп жүрміз. Ең үлкен мақсатымыз – әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған қаламгерлер қа­уы­мын қуанту. Қазір бірі 90-нан асқан, бірі 90-ға жетіп қалған екі үлкен ақсақалымыз әлі тұғырынан түспей, жазып жүр. Оның бірі – Шәкірат Дәрмағамбетов ағамыз, екіншісі – Қайырбек Мырзахметұлы. Мерейлі жа­сы­ңыз құтты болсын! – деді Аманжол Сақыпұлы.

Өз кезегінде қаламгер бас­па ұжымына алғыс білдірді.

– Сексеннен ассам да әлі күнге қолымнан қала­мымды тастамадым. Оқырманның та­лабы бөлек. Оншақты газет аламын, астын сызып оқып отырамын. Талпынып, әлі де заман ағымына ілесіп жазсам деймін, – деді автор.

Қайырбек Мырзахметұлы  осы күнгі «Қоғалыкөл» ауы­лында дүниеге келген. Журналист «Сыр перзенті», «Менің бабаларым», «Ағалар салған жол», «Сырда туып, Сырда өстім», «Аманат» атты кітаптардың авторы. Оқырман қауымға жол тартқан «Көзкөргендер» атты жаңа кітап автордың әр жылдардағы көзкөргендердің әңгімелерінен жинақталған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<