Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу

1133

0

 «Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 бұйрығымен және Қызылорда облысы әкімдігінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы   №787 қаулысымен жануарлардың аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларының тізбесі бекітілген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруымен ауыл шаруашылығы жануарлары ауырмайтындықтан бұл тізбеге енгізілмеген.            
Облыстың ветеринария саласы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті жұқпалы 14 түрлі және энзоотиялық 6 түрлі аурулардың алдын алу бойынша диагностикалық, профилактикалық іс-шараларды, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру т.б. үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыстарды атқара отырып, ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Сонымен қатар, ЖАО-дың ветеринариялық ұйымдарының мамандары негізгі атқаратын жұмыстарынан тыс, КҚГҚ ауруының алдын алу бойынша көктемгі-күзгі эпидмаусымдарда тиісті маңызды іс-шараларды ұйымдастырып жүргізіп келеді.
КҚГҚ табиғи ошақтық аса қауіпті ауру. Осы қауіпті ауруды жұқтыру көктемгі-күзгі маусымдарда тіркеледі. Адамдарға бұл ауру денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда, науқас адамдармен қарым-қатынаста жұғады, мүгедектікке, кейде өлімге әкеледі. Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде аурудың алғашқы белгілері білініп, басы солқылдап, дене ыстығы көтеріледі және бүкіл денесі сырқырап қатты ауырады. Соның салдарынан бойын әлсіздік билейді.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша 2019 жылдың эпидемиологиялық маусымына КҚГҚ ауруынан 123 елді мекен (Арал 26, Қазалы 12, Қармақшы 15, Жалағаш 12, Сырдария 11, Шиелі 17, Жаңақорған 20, Қызылорда 10) қолайсыз болып танылды. Бұл елді мекендерді кенеден залалсыздандыру іс-шараларына облыстық бюджеттен жыл сайын тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Тұрғылықты халық аса қауіпті аурудың зардабын тартпас үшін бөлінген осы қаржыны тиімді, әрі нәтижелі пайдалану мақсатында мал қораларындағы көң-қилары уақытылы алынып, механикалық-санитариялық тазаланып, жүйелі түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі қажет.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық препараттар мемлекеттік реестрінде тіркелген Креолин 5% ерітіндісін пайдалану туралы және осы қолайсыз елді мекендерде барлығы 488,1 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары және көлемі 2 043 мың шаршы метрді құрайтын 32,5 мың қора мен аумағы 680,1 мың шаршы метр болатын 1,2 мың суат пен шаңлақтарға залалсыздандыру жұмыстарына жұмсалатын препараттың жобалық есебі нақтыланып, облыстық ветеринария басқармасы тарапынан облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына ұсынылды.
2002 жылғы 10 шілдедегі ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 10-1 бабының 2 тармағында «Елді мекендер аумақтарын санитариялық тазалауды ұйымдастыру» аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің құзыретіне берілген, осыған байланысты, әкімдер тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуы қажет. Қазіргі таңда, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жеңімпаз мердігер мекемелер, қолайсыз елді мекендерде көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын толық жүргізіп болды.
Айта кетейік, иксодид кенелері (Ixodidae, немесе жайылым кенелері) мекендейтін жерді биотоп деп атайды. Иксодид кенелері өзінің жеке дамуында (онтогенезінде) бірнеше сатыдан өтеді. Оларға жұмыртқа, балаңкене, нимфа және имаго жатады. Кенелердің аналығы 3 мыңнан 15 мыңға жуық жұмыртқа салады да тіршілігін тоқтатады. Үш аптадан кейін жұмыртқалардан алты аяқты балаңкенелер шығады. Иксодид (Ixodidae) тұқымдасына жататын Гиаломма (Hyalomma) туыстығы кенелері көбінесе ірі қара мал паразиті. Ересек кенелер малды мамыр-тамыз айларында, ал балаң кенелері мен нимфалары тамыз-қыркүйек айларында талайды. Осы Иксодид тұқымдасына жататын Дермацентор (Dermacentor) кенелері төрт түлік малдың бәрінде кездеседі.
Облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, жергілікті жерлердегі кент, ауылдық округ әкімдіктері елді мекендердегі уақ малдарды ванналарда тоғыту жұмыстарын ұйымдастыру үшін қажетті препарат және су мәселесін шешу жолдарын қарастырып, залалсыздандыру жұмыстары басталғанға дейін елді мекендердегі мал қораларының механикалық тазалануы жұмыстарын жұмысшы топ құрамымен ұйымдастырады. Осыған байланысты, 2018 жылы қолайсыз елді мекендердегі мүгедек, әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға (17 үйге ) ветеринария ұйымдары және кент, ауылдық округ әкімдіктері тарапынан мал қораларының механикалық тазалануына арнайы техникалармен және асар әдісімен көмек көрсетілді. Бұл игі бастама биыл да жалғасын табуда.
КҚГҚ ауруының алдын алу, болдырмау мақсатында 2018 жылдың көктемгі-күзгі эпидмаусымдарында 281,5 мың бас уақ мал кенеге қарсы тоғытылды. (05.06.2019 ж. – 115,0 мың бас тоғытылып отыр)
Сонымен қатар, мал иелерінің өз қаржысы есебінен 2018 жылы 300,8 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы ветеринариялық препараттармен алдын ала егілді. (05.06.2019ж. – 128,0 мың бас егіліп отыр) Бұл препараттарды пайдалану үнемді әрі, тиімді. Соның бірі-ивермек – инъекцияға арналған ерітінді сұйық дәрі. Паразитарлы ауруларды емдеуге және алдын алуға МІҚ, қой, ешкі, түйе мен шошқаға пайдаланылады. Ивермек түссіз немесе сарғыш болып келеді. Бұл дәрі құрғақ, қараңғы жерде 00С-пен 250С аралығында сақталуы керек. Флакон ашылған соң 24 күнге дейін ғана сақтап пайдалануға болады. Инъекциядан соң дәрі 10-14 күнге дейін белсенді әсер етеді. Ивермек 50 кг салмаққа 1 мл мөлшерде салынады. Дәрі малдың терісіне жабысып тұрған паразиттермен қоса  ішкі құрылысындағы көптеген зиянды құрттарды жойып, малдың тез оңалуына септігін тигізеді.
Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенелер көбейген кезде сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дененің барынша жабық болғаны дұрыс. Ауыл шаруашылығы жануарларын күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында денесі мен киімдерін кенелерден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.
Ал, кене шаққанда өздігіңізбен емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмасаңыз, жағдайыңыз тіптен нашарлап кетуі мүмкін. Кенені май тамызып алуға болмайды, қанға тойып алған кене тұншығып, қанды қайтадан жараға төге салуы мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын. Ең дұрысы, денедегі кенені пинцетпен немесе ілмек жасап жіппен сағат тіліне қарсы бағытта бұрап отырып алу. Шаққан жерді тек антисептик немесе спиртпен өңдеу керек.

Облыстық ветеринария басқармасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<