Күн сайын көркейген колледж

2074

0

сенімгерлік басқарудың нәтижесін көрсетті

Осыдан екі жыл бұрын көрікті қаламыздың қақ ортасында «ұмыт қалған» Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің ұсқынсыз қалпын көретін едік. Оның осы күйін журналистер газет бетінде: «Соңғы отыз жылда ғимарат тіпті жеңіл жөндеу көрмеген, қабырғасына біреу бір алақан батпақ жапсырмаған. Есіктерінің сыры көбелектің қанатындай көтеріліп, едені баланың ақыл тісіндей айқасып жатыр» деп суреттеген.

Қазір бұл оқу ордасы – әудем жерден бас көтеріп қарайтын әсем ғимарат.

Оны бүгінгі бейнеге ендіріп, жаңаша мазмұнда білім игілігіне жаратып отырған білім меценаты, кәсіпкер, «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев екенін жақсы білеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Лайықты азамат – өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек» деген еді. Бұл сөз баланы еңбек пен білімге қатар үйрететін кәсіптік білім саласына деген ерекше көзқарасты білдіреді.

Өткен жылы колледждің жаңаша келбетімен және материалдық-техникалық әлеуетімен арнайы танысқан облыс әкімі Н.Нәлібаев өз сөзінде: «Жастар арасынан келешек еңбек адамын дайындауды  бүгіннен бастауымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар Сыр өңірінде жүйелі түрде жүргізіледі. Сейітқали Бегманұлы бұған дейін Қызылорда қаласынан «Шұғыла», «Нұр-Шұғыла» балабақшаларын, «Zerde» интеллектуалды мектебін ашқан болатын. Енді міне, Қызылорда құрылыс және бизнес колледжін сенімгерлік басқаруға алып, оқу орнын заманауи талаптарға сәйкестендірді. Аймақтың еңбек нарығына, оның ішінде құрылыс саласына қажетті, сұранысқа ие кадрлар даярлайтын оқу орнының алдағы атқаратын жұмыстары ауқымды», – деді ризалық білдіріп.

Сенімгерлік басқаруға беру шарты бойынша келісілген инвестициялық жоба құны 3,5 млрд теңге болатын. Кәсіпкер бүгінде колледжге осынша қаржы салып, сапалы игеріп отыр. Осыны көзімізбен көрген біз оқу орнындағы жаңалықтарға қанығып, таңғалысымызды да жасыра алмадық.

Сол көрген-білгенімізді көпшілікке баяндап бермекшіміз.

Жалпы, колледж балаларды 12 мамандық, 24 біліктілік бойынша мамандыққа даярлайды. Солардың бірі – тігіншілік.

Кезінде қазақ іші тігіншілікті өнер деп танып, тігін шеберлерін «ісмер» деп атаған. Баяғы әжелерінің қаны бар қазіргі балаларымыздан неге ісмерлік шықпайды? Себебі, үйрету, оқу жоқ.

Өткен жылы осы колледжде тігін ісін оқытатын бір ғана сынып болатын. Биыл тұтас тігін цехын көріп отырмыз.

Бұрын тәжірибе жасау шеберханасынан айырылған училище балаларды теория жүзінде оқытумен шектелген. Кейінгі жылдары практикалық сабақ алу үшін қаладағы өндіріс орындарына апарған. Ескі тігін машиналарынан іс үйренген оқушылар «Далатекс» секілді заманауи шеберханаларға барғанда өздері көрмеген жаңа тігін машиналарымен жұмыс істеуді меңгеріп кете алмай қиналған. Ал бүгінде бұл колледжде ең соңғы үлгідегі ондаған «Jack» маркалы тігін машиналары бар.

Биыл колледждің өзін-өзі қаржыландыруын жүзеге асыру мақсатында «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша тағы да қосымша тігін цехы жабдықталып, бизнес-жоспар жасалған. Мақсат – білім алушылардың кәсіби дағдыларын өндіріс талаптарына, WorldSkills халықаралық талаптарына сәйкестендіру, олардың оқи жүріп, жұмыс істеуін, кәсіби білік-дағдыларын шыңдауын және табыс табуын ұштастыру.

Колледждің көше жақ бетінен есік ашқан дәмхана мен  шаштаразды көргенде де көп жайды түсіндік. Бұл екі бизнес нысаны жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталып, жалға беріліпті. Пайда оқу орнының арнайы есепшотына түсіп, материалдық-техникалық базаны толықтыруға жұмсалады.

Сонымен қатар колледж ауласынан былтыр басталған екі қабатты спорт кешенінің құрылысы да еріксіз назар аудартады. Алдағы мамыр айында пайдалануға берілуі жоспарланған кешен колледж оқушылары үшін ғана емес, облыс жұртшылығына қызмет етуге қауқарлы болатынын қазірден-ақ айғақтап тұр.  Оның 3 мың шаршы метр болатын залы, 300 көрермен сыятын кенересі, киінетін орындар мен сусебезгі бөлмелері, би үйірмесіне берілетін фойесі, т.б. тамаша жай-күйі қызықтармай қоймайды.

Жақын арада «Жиһаз өндірісі», «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша оқу-өндірістік шеберханалар құрылысын бастау жоспарлары да бар екен.

Қазіргі кезеңде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде инклюзивті білім беру өзекті мәселеге айналып отыр. Оқу-ағарту министрлігінің жанынан инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің құрылуы да бұл мәселенің көкейтестілігін көрсетсе керек. Ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушыларды колледждерге оқуға қабылдаудан бастап оларды сапалы кәсіптік-техникалық біліммен қамтамасыз ету, педагогикалық-психологиялық қолдауды ұйымдастыру, арнайы құрал-жабдықтармен қамту сияқты түйіні шешілмеген мәселелер жетерлік. 

Біз сөз етіп отырған С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде аталған өзекті мәселелерді шешу барысында біршама ауқымды істер атқарылғаны анық.

Биылғы оқу жылының басында инклюзивті-ресурстық кабинет ашылса, соңғы кезеңде сенсорлық бөлме жабдықталып, пайдалануға берілген. Мақсат – ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушыларды оқыту, тәрбиелеу және дамытудың тиімді ортасын құру. Оқу-тәрбие үдерісіндегі педагогикалық-психологиялық қолдауды дұрыс ұйымдастыру, ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушылардың өздерін осы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алуы тиіс. Оларға түсетін психоэмоционалдық жүктемені азайту үшін қажетті алғышарттарды жасау жұмысы колледжде өз шешімін тауыпты. Психолог, дефектолог, педагог-ассистенттерді жұмыс үстінде кездестірдік.

Инклюзивті-ресурстық кабинет сабаққа арналған жиһаздармен, құрал-жабдықтармен: арнайы оқу үстелдері, магнитті, интерактивті тақта, көз зердесі зақымданған білім алушыларға арналған компьютер, пернетақталармен, жеке және топтық сабақтар жүргізуге арналған жұмсақ жиһаздармен, пуфиктермен, массажды доптар, дидактикалық және иллюстрациялық материалдармен, гамак, қол және аяқ моторикасын дамытуға арналған балансирлермен жабдықталған.

Тіпті өзіміз осы жаңалықтарға тамсанып, арт-терапия, музыка терапиясы аталатын бөлмелерге бөгелдік. Түрлі құстардың үнін шығарып, желдің уілін, судың сылдарын салатын релаксация, яғни, тынығу бөлмесінде көз жұмып біраз рахат күй кештік. Балалардың бақытты сәттеріне «саяхат жасадық».

Бұл сапалы, сиқырлы құрал-жабдықтар Мәскеуден, әрісі алыс шет елдерден әкелінген. Мұның бәрі әрине, ең алдымен колледжді сенімгерлік басқаруға алған Сейітқали Алшынбаевтың тынымсыз еңбегін танытып тұр. Бұрын білім саласында мұндай жағдай болған жоқ, сондықтан, бұл – облыстағы пилоттық жоба болып саналады.

Колледждің осындай оқу-тәрбиелеу жұмыстарын көріп, көзіне жас алған  ата-аналардың қуанышы бір бөлек сөз. 

«Бұрын ата-аналар баламыз стипендия алып жүрсе болды дейтін, қазір білім алса екен дейді. Бұл – біздің Үкіметіміздің  техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіре түсу бағытына барынша көңіл бөлуінің нәтижесі», – дейді колледж директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Әлия Досмаханова.

Осылайша біз сенімгерлік басқарудың сенімге селкеу түсірмеген білікті де жанашыр жұмыстарына куә болдық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<