Мәңгілік ел тірегі

925

0

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай «Ақмешіт» колледжінде оқытушылар мен білім алушылар арасында «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тірегі» тақырыбында облыстық форум өтті.

Форумды «Ақмешіт» колледжінің директоры К.Ерімбетов ашып,  Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында білім саласының алдына біршама жаңа міндеттер қойылғанын, бұл шара сол міндеттерді нақты іске асырудың бір көрінісі екенін айтты. 

Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері облыстың білім беру саласында көптеген жұмыстар атқарылғанын баяндады. Соның ішінде кәсіптік білім беру бағыты жаңа деңгейге көтерілгеніне тоқталды.

– 1991 жылдары 12 кәсіптік-техникалық лицей қызмет көрсетіп, онда 6000-дай түлек оқыған болса, бүгінде облыстағы 30 колледжде білім алушылар саны
19 768-ге жетті. Ал аталған 30 оқу орнының арасында 11-і жоғары колледж статусын иеленген. Соған сәйкес заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Кәсіптік білім беруді одан әрі дамыту мақсатында арнайы Жол картасы әзірленіп жатыр. Оның аясында өңірдегі кәсіпорындардың сұранысына сай қажетті мамандар даярлау, дуальді оқытудың тиімділігін арттыру, 2025 жылға дейін білім алушыларды түгелдей жатақханамен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар жүзеге асырылады, – дейді А.Қасымова.

Форумда баяндама жасаған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихат депутаты Қылышбай Бисенов Тәуелсіздік жылдарынан бері білім беру саласында жүргізілген реформаларға сәйкес қазақстандық білім беру жүйесінің құрылымы ЮНЕСКО ұсынған халықаралық стандарттық білім беру бағдарламасының классификация өлшемдеріне сай келетінін атап өтті.

– ХХІ ғасыр ақыл-ой, білім-ғылым, инновация мен креативтілік негізінде үнемі өзгеріп отыратын орта қалыптастырды. Ал өзгермелі кеңістікте  сапалы білім арқылы осы қасиеттерді азаматтар бойына сіңіру – адам капиталын дамытудың бірден-бір жолы. Тек сапалы білім ғана өркендеген мемлекеттің, қуатты экономикалық және бақуатты қоғамның кепілі бола алады.

Биыл ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Осы кезең аралығында жеткен жетістіктер орасан зор. Айталық, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» құрылды. Ең бастысы, білім беру саласында қазақстандық жүйе қалыптасты. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беретін арнаулы оқу орындары колледж статусын иеленіп, қазіргі таңда бакалавр дәрежесін дайындайтын 10 жоғары колледж жұмыс жасауда. Осы бағытта бәсекеге қабілетті, білікті  мамандар дайындалуына мемлекет тарапынан басымдық беріліп отыр.

Қазіргі таңда елімізде білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Болашаққа бағытталған жаңашыл бастамаларды жүзеге асыруда Сыр өңірі ұстаз-ғалымдарының да еңбегі зор, – деді Қ.Бисенов.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті тарих кафедрасының,  «Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығының  меңгерушісі Айтжан Оразбақов, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас, Рухани жаңғыру орталығы басшысының орынбасары, саяси ғылымдар кандидаты Сәулет Сахиев сөз алып, ой-толғаныстарын ортаға салды.  Осы тұрғыда жастарды еркіндік пен елжандылыққа шақырды.

«Тәуелсіздік – мәңгілік ел тірегі» атты форум аясында осы тақырыпты жырға қосқан жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры  Ұ.Жанбершиева бастаған Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері М.Дауылбай, Н.Бердіқожа қазылық жасады. Оннан астам үміткер ішінен үздіктер анықталып, арнайы дипломмен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, бас жүлдені Қызылорда инженерлік-техникалық колледжінің студенті Нұрбек Жылқыбай, І орынды жоғары медициналық колледж студенті Ақерке Нұрғазиева иеленсе, ІІ-ІІІ орындарды М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледж студенттері Нұргелді Өтепберген және Диас Мұстаханов бөлісті. Сонымен қатар, өңірдегі колледж студенттері өздерінің шығармашылық ізденістерімен Тәуелсіздік ұғымының мазмұнына терең бойлап, ғылыми мақалаларын, баяндамаларын назарға ұсынды. Тақырып талқыланып, жастар арасында өзара пікірталас өрбіді. 

Форумды қорытындылау сәтінде шараға белсенді қатысқан жетекшілер мен студенттер лайықты марапаттар иеленді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<