Мәселесі көп МӘМС

1028

0

Бүгінгі өзекті мәселелердің бірі – МӘМС жүйесінде азаматтардың сақтандырылу мәртебесін орнату болып тұр. Қазіргі таңда облыста 136 мыңнан аса тұрғын медициналық көмекті толыққанды алу мүмкіндігінен айырылып отыр. Олардың көпшілігі 30 бен 40 жас аралығындағы азаматтар. Мәселен, республика бойынша халықтың 82 проценті cақтандырылған болса, облыс тұрғындарының 83 проценті ғана сақтандыру мәртебесіне ие болып, көрсеткіш бойынша басқа өңірлерден артта қалған.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен МӘМС мәселелері жөніндегі өңірлік штаб отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.

– Биыл халықты МӘМС жүйесімен қамту бойынша Жол картасы бекітілді. Алайда қала мен аудан әкімдіктерінің тұрғындарды медициналық сақтандыру мәртебесіне өткізу бойынша атқарып жатқан жұмыстары мардымсыз. Арнайы жұмысшы топтар құрылғанына қарамастан, түсіндірме жұмыстары дұрыс жүргізілмеуде. Соның салдарынан облыстағы 800 мың тұрғынның 664 мыңы ғана сақтандырылған, – деді ол.

Филиал директорының айтуынша, сақтандырылмаған азаматтар үлесінің 93,8%-ы – соңғы 12 айда төлем жасамағандар және жалдамалы жұмысшылар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша еңбек ететін қызметкерлер және жеке кәсіпкерлер. Енді осыған байланысты әкімдіктер, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, өңірдегі мемлекеттік кірістер департаменті МӘМС үшін жарналарды уақытылы және тұрақты төлеудің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет.

Жиында МӘМС аударымдар мен жарналарын уақытылы төлемей отырған мекемелер туралы да айтылды. Ал жалпы жалдамалы қызметкерлер және жеке кәсіпкерлер мен жеке өзін-өзі қамтамасыз ететіндер МӘМС шеңберінде медициналық көмек алу құқығына ие болу үшін соңғы 12 айға жарналарын түгендеуге міндетті. Егер биыл қыркүйек айында өзін-өзі қамтамасыз ететін азамат МӘМС шеңберінде медициналық көмек алу үшін медициналық ұйымға жүгінсе, онда алдағы бір жыл бойы МӘМС-ке жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеуге тиіс.

Бұдан соң филиал директоры жұмысты жандандырып әрі өзекті мәселені шешуге көмектесетін бірнеше ұсынысын ортаға салды.

– Ең әуелі, жергілікті атқарушы органдар сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту үшін арнайы топ құрып, түсіндірме жұмыстарына тың серпін беру қажет. Нақтырақ айтсақ, қала, аудан мен ауыл әкімдіктері кейінгі 12 айда МӘМС жарналарын төлемеген және басқа да жұмыссыз азаматтарды бірінші кезекте жұмыспен қамтуды үйлестіруі тиіс. Тым болмаса БЖТ төлетуді тереңірек түсіндіру керек. Сосын орталық көшелерде баннерлер ілініп, Led экрандарда бейнероликтер көрсетілгені жөн, – деді ол.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов халық арасында, БАҚ және әлеуметтік желілерде  ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қала және аудан әкімдіктеріне белсенді емес халықты бірыңғай жиынтық төлемнің пайдалы жақтарын түсіндіруді тапсырды.

– Сақтандыру аясындағы жұмыстар өте баяу. Төлем жасамай отырған мекемелермен тығыз байланыс жоқ. Мәселен, жыл басынан бері қала мен аудандарда небәрі 30 кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстарында 2,5 мың ғана адам қамтылған. Бұл – төмен көрсеткіш. Басы ауырып, буыны сыздағанда халық қайда көрінеді? Сондықтан сақтандыру жұмыстарына бей-жай қарамаңыздар. Барлығыңызға Жол картасында көрсетілген тапсырмаларды уақытылы орындауды тапсырамын. МӘМС – тұрғындардың денсаулығын сақтауға бағытталған әлеуметтік жүйе. Сондықтан бұл жүйе бірінші кезекте халықтың мүддесі үшін қажет, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<