Мақсат – сауда айналымын арттыру

299

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип  Ердоғанмен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға ілтипат білдіріп, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылығын жеткізді.

– Сіздің бүгінгі  мемлекеттік сапарыңыз екі елдің ынтымақтастығына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Біз Түркиямен тең дәрежедегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мен береміз. Бұл менің ерекше назарымда. Кездесуіміздің күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, уағдаластыққа қол жеткіземіз деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде  Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа  мамыр айында Түркияға мемлекеттік сапары мен Нью-Йорктегі екіжақты кездесуден кейін қайтадан жүздесіп отырғанына қуанышты екенін атап өтіп, қонақжайлығы үшін алғыс айтты.

– Бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысын өткіземіз. Сондай-ақ ертең Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысамыз. Сіздің көшбасшылығыңызбен жүргізілген реформалар қазақ халқының тыныштығын сақтап, әл-ауқатын жақсартатынына сенімім мол. 20 қараша күні болатын Президент сайлауы әділ әрі жаңа Қазақстан үшін қайырлы болуын және сізге сол сайлауда сәттілік тілеймін, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Сондай-ақ Түркия Президенті жаһандық және аймақтық тұрақсыздық белең алған  шақта түркі мемлекеттерінің ынтымағын одан әрі нығайту қажет екенін, сондықтан стратегиялық серіктес әрі бауырлас ел Қазақстанның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығына  және экономикалық әл-ауқатының жақсаруына айрықша мән беретінін жеткізді.

– Түркияға мемлекеттік сапарыңыз барысында қол қойылған 14 ынтымақтастық туралы құжат пен ортақ декларация қарым-қатынасымызға тың серпін берді. Бүгін осы келісімдерге қосымша жаңа құжаттар қосылады. Атажұртыма келген маған және менің делегацияма қонақжайлық көрсеткеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын, – деді Режеп Тайип Ердоған.

***

Қазақстан мен Түркия президенттері екі елдің Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің IV отырысын өткізді.

Алдын ала бекітілген күн тәртібіне сәйкес, жиында сыртқы саясат және инвестиция саласындағы іс-әрекет, сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика және әскери өндіріс саласындағы ықпалдастық, энергетика саласындағы байланыстар және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық секілді 5 мәселе талқыланды.

Сонымен қатар жиында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқаны жайлы айтылды.

– Мақсатымыз – сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу. Анкара соңғы 15 жылда Қазақстанға 4,35 миллиард доллар инвестиция құйды. Ал біздің еліміз Түркияға 1,13 миллиард доллар қаржы салды. Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында тұр. Жалпы, екіжақты сауда-саттық әлеуетін арттыру жолында транзиттік тасымал бағыттары маңызды рөл атқарады. Біз тасымал шығынын азайтып, жеткізу мерзімін қысқарту үшін Транскаспий дәлізін дамытуға шақырамыз. Бүгінгі кездесуде біз оны талқыладық. Көзқарасымыз бірдей. Биыл маусым айында Бакуде үшжақты форматтағы кездесу өтті. Біз бұл дәстүрді жалғастыруға ниеттіміз. Келесі басқосуды Ақтауда өткізуді ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Қазақстан экономикасын әртараптандыруға біз әрдайым атсалысып келеміз. Халықты жұмыспен қамтуға байланысты бастамаларыңызға біздің компаниялар да өз үлесін қосатынына сенімдімін. Біз сауда айналымын қысқа мерзімде 5 миллиард, орта мерзімде 10 миллиард долларға жеткізуге келіскен болатынбыз. Әзірге бәрі жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығымыз біздің орта мерзімге жоспарлаған межемізге тез жетуге мүмкіндік береді. Каспийдің маңызы артып келеді. Бакудегі үшжақты кездесу сәтті өтті. Ақтаудағы басқосу бұл жұмыстарды ілгерілетеді деп сенеміз. Біз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін арттыру жөніндегі әлем алдындағы міндетімізді тиісті деңгейде орындап келеміз. Бұл тұрғыда астығы мол Қазақстанның әлеуетін пайдалануға болады деп есептеймін, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстан Республикасының І дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Орденді табыстау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентін елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы деп атап өтті.

Екіжақты кездесу мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<