Марапат берудің тәртібі бекітілді

340

0

Қай қоғамда болсын, құрметті мамандықтың бірі – мұғалім. Сондықтан білім беру саласының жұмысы әркез бұқараның назарында.

Заман талабына оқыту мен тәрбиелеу бағыты жаңа сатыға көтерілді. Жүйеге енгізілген жаңалықтар аз емес, алайда кемшіліктер де көзден таса қалмайды. Жұртшылықтың көз қырына ілініп, көбірек сынға ұшырап жататын мәселенің бір шеті марапаттарға байланысты. Расында, кейінгі жылдары тек білім саласы емес, жалпы айтқанда, мадақ-марапаттың айналасында әңгіме көп. Осындай сыни пікірлерді саралай келе, Оқу-ағарту министрлігі марапаттауға қатысты жаңа ұйғарым жасапты.

«Педагогтерді марапаттауға қатысты жаңсақ деректерді болдырмау үшін Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапаттау «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы» Үкімет қаулысына, «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің көтермелеудің салалық жүйесін бекіту туралы» министр бұйрығына сәйкес жүзеге асырылатынын хабарлаймыз» – деп жазды ҚР Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Атап айтқанда, Білім беру саласының педагогтері мен қызметкерлерін көтермелеу жүйесіне кіретін марапаттар – «Оқу-ағарту министрінің Алғысы», «Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқудың үздігі» құрметті дипломы, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрметті дипломы, «Қосымша білім берудің үздігі» құрметті дипломы, «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрметті дипломы, «Оқу-ағарту министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері» құрметті дипломы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Мейірім – әлемге махаббат» медалі, «Еңбек ардагері» медалі.

Министрліктің мәліметінше, ведомстволық наградалармен көтермелеуге ұсынысты өңірлік білім басқармалары жанындағы комиссия береді.

Кандидаттардың құжаттары салалық көтермелеу жүйесінің 6-қосымшасына сай жұмыс көрсеткіштері бойынша қаралады, яғни, жұмыс тәжірибесі, біліктілігі, педагог пен оның оқушыларының жетістіктері және т.б. марапаттарды есепке алу негізінде жүзеге асырылады. Ал министрлік комиссиясы ашық дауыс беру арқылы шешім қабылдайды. Әрбір көтермелеудің сәйкестендіру нөмірі болады, ҚР Оқу-ағарту министрінің мөрімен және қолымен бекітіледі. Ал көтермелеудің өзге түрлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларына жатпайды.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<