Медиация саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды

333

0

Қызылорда облысының «Достық үйі» ғимаратының мәжіліс залында «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгеніне 9 жыл толуына орай, «Медиацияның карантин барысында халыққа пайдасы» тақырыбында онлайн конференция өтті.

Конференция жұмысына Қызылорда облыстық сотының судьясы Клара Қаниева, облыстық кәсіподақтар ұйымы басшының орынбасары Марат Бәйімбетов, «Бітім» медиация орталығы» қоғамдық келісімнің кәсіби медиаторлар жаттықтырушысы Ляззат Бақтыбаева, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының жетекші маманы Жұлдызай Мұстафаева, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бөлім басшысы Сымбат Абдрахманова, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жағыпар Тажмаханов модератор ретінде қатысты.

Іс-шара барысында баяндамашы судья Клара Қаниева ағымдағы жылдың 10 маусымында «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғанын, Азаматтық процестік кодексінің жалпы ережелері азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерінің бірімен істерді толық және уақытылы шешумен толықтырылып, сондай-ақ, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидатына жаңа мазмұндама берілгенін айтып өтті. «Азаматтық істер бойынша тараптар бірінші саты сотында ғана бітімге келіп жатқан жоқ, апелляциялық саты сотында да бітімге келіп, даулар шешіліп жатыр. Сондықтан, өзгерістерге байланысты апелляциялық және кассациялық саты соттарында істерді сотта қарауға дайындау барысында да татуластыру рәсімдерін жүргізу көзделіп отыр», – деді К.Қаниева.

Карантин кезінде Қызылорда облысы соттарында барлығы 4416 азаматтық, 429 қылмыстық, 3111 әкімшілік іс қаралып, 218 азаматтық, 45 қылмыстық, 94 әкімшілік іс медиациямен, 109 іс бітімгершілік және 6 іс партисипативтік келісіммен аяқталған.

Шара барысында облыстық кәсіподақ ұйымы басшысының орынбасары Марат Бәйімбетов пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ бөлім басшысы Сымбат Абдрахманова, «Бітім» медиация орталығының жаттықтырушы-медиаторы Ляззат Бақтыбаева сөз сөйледі. Олар еңбек нарығындағы даулы жағдайлар, отбасылық даулар, медиация рәсімдері аясында баяндама жасады.

Іс-шарада өңірдегі медиация институтын дамытуға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Конференция соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, өз ұсынымдарын білдірді.

Атап өту керек, іс – шара ZOOM қосымшасы, Facebook, Instagram әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<