Мектептер жаңа оқу жылына дайын ба?

775

0

Биылғы жаңа оқу жылында аймағымыздағы 295 мемлекеттік, 16 жекеменшік мектепте 182 мыңға жуық оқушы білім алады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда 5 мың оқушыға артып отыр. Оның ішінде 1-сыныпқа 18 мыңға жуық бала қабылданады. Бұл туралы бүгінгі өткізілген брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов хабарлады.

💬Барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына толық дайын. Қажетті санитарлық гигиеналық заттармен қамтылған. Жөндеу жұмыстары да толық жүргізіліп, қыркүйек айына дейін жұмыстар аяқталады. Сондай-ақ, мектептер 100 % интернет желісіне қосылып, бес оқушыға бір компьютер арақатынасында 44 127 компьютерлік құрылғылармен қамтамасыз етілген, – деді Бағдат Камбозұлы.

Қазіргі таңда оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 13 баспамен 86 келісім-шарт жасалынып, 1,4 млрд.теңге қаржыға 637 313 дана оқулық алынуда. Барлық оқулықтар 25 тамызға дейін жеткізіліп, оқушыларға үлестірілетін болады.

Айта кетейік, апатты деп танылған Арал ауданындағы №71 және Жаңақорған ауданындағы №169 мектептің ғимараттары жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырылады. Сондай-ақ, Арал ауданындағы апатты жағдайдағы №248 мектептің құрылысы бүгінде жеке инвестор есебінен басталса, Қазалыдағы №94 мектептің жоба-сметалық құжаттар әзірленуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<