Мемлекет мықты болуы үшін ұлттық сана қалыптасуы қажет

691

0

Мемлекеттік рәміздер – еркіндігіміз бен елдігіміздің, азаттығымыз бен асыл мұратымыздың айғағы. Хас таланттардың қолынан шыққан Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде халқымыздың рухын көтеріп, тәуелсіз елімізді төрткүл дүниеге танытты. Сондықтан оған деген құрмет адами өлшемнің бәрінен биік тұруы тиіс.

Биыл Мемлекеттік рәміздерімізге – 30 жыл, ал Мемлекеттік Елтаңба авторы, жерлесіміз Жандарбек Мәлібеков 80 жасқа толып отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Жандарбек Мәлібекұлына Бірінші дәрежелі «Барыс» орденін тапсырды.

Айта кетейік, Ж.Мәлібеков Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында туған. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген. Осы қаладағы ғылыми-зерттеу жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетшісі қызметтерін атқарған ол Өзбекстан еліндегі көптеген құрылыстарда өз қолтаңбасын қалдырған.

Мереке қарсаңында ағамызға хабарласып, мерейлі жасымен құттықтай келіп, Мемлекеттік рәміздеріміздің қадір-қасиеті жайында ой бөлістік.

– Елтаңбаны жасауға үш ай уақыт берілді. Соның бір жарым айы ойланумен өтсе, қалған уақытында осы жоба әзірленді. Мен өзім ауылда туып-өстім. Ен даланың еркіндігін сезініп, ел аузынан ертегі тыңдап  есейдім. Сондықтан Елтаңба бетіндегі ұлттық айшықтар сол бала күнімнен көзімнің алдында, көңілімнің түкпірінде жатталып қалған көріністер. Одан бөлек, оқыған-тоқыған дүниелерім де ой салды, – дейді ол кісі.

Иә, Сырдың жазық даласы арман-қиялымен ұштасып, тым алысқа, тіпті шексіз әлемге жетелейтін. Бала күнінде жүрегіне берік орныққан осынау шексіздік ұғымы  кейін оның шығармаларына арқау болды. Оның ішінде, талант иесінің жанына жақын әрі шоқтығы биік туындысы – Мемлекеттік Елтаңба. Автордың айтуынша, онда бедерленген әрбір суретте ұлтымыздың ғасырлар бойы кешкен ғұмыры, тағдыры мен тарихы сипатталған. 

Елтаңба пішіні шеңбер тәрізді, бұл шексіздік, яғни мәңгілік ұғымын білдіреді. Ал, архитектоникасы – киіз үй. Зер салып қарасаңыз, киіз үйдің шаңырағымен байланысқан уықтар ұрпақтар сабақтастығын білдірсе, енді бір қарағанда, айналаға күннің шуағындай тарайды. Елтаңбаның екі жақтауын алып тұрған қанатты тұлпар жарқын өмірге деген құштарлық пен ұмтылыстың, жалпы жасампаздықтың көрінісі. Сондай-ақ, Елтаңбадағы «Қазақстан» деген алтын түсті жазу басқұрдың бетінде жазылған. Басқұр – киіз үйдің барлық керегесін біріктіріп тұратын ең мықты бау, яғни, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін танытады.

Сәулет өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Жандарбек Мәлібекұлы  құрылыс және сәулет саласы бойынша «Ойтек» деп аталатын заманауи ұлттық архитектураның үлгісін әзірледі. Жобаның аты айтып тұрғандай, мұнда қазақтың ата-баба тегінен бері жалғасып келе жатқан ұлттық айшықтар бүгінгі ұрпақтың да қолданысына еніп, құндылықтарға деген құрметін қалыптастырады. Жоба авторының айтуынша, кеңес заманында салынған ғимараттар біздің ұлттық ерекшелігімізге сай келмейді. Осы орайда  тарихпен тамырлас, келешекпен сабақтас, шынайы шығармашылық үлгісі – «Ойтек» архитектурасы ұлттық табиғатымызбен үйлесім табады.

– Қазақ – текті халық. Тек – түп тамырымыз, ұлттық бітім-болмысымыз. Біз қандай бір заман туса да, тегімізден танбай, ұлтымызға тән күллі қадір-қасиетімізді сақтап қалуды ойымыздан шығармауымыз керек.  Олай болса, ой мен тек сөздерінен шығып отырған «ойтек» стилінің  философиялық астары тым тереңде жатыр.  Бұл архитектура ұлтымыздың ақыл-парасатын, тұрмыс салтын, бекзат болмысы мен биік ұстанымын, бір сөзбен айтқанда, ел мен жер иесінің тектілігін айшықтай түседі, – дейді сәулетші.

Әңгіме мемлекеттік рәміздер жайлы болған соң жуырда әлеуметтік желі бетінде қызу талқыға түскен әлгі әншісымақтың әрекетін де айналып өте алмадық. Бұл жайында пікірін білдірген Елтаңба авторы, жоғарыда айтып өткендей, бұл ұлттық сананың  төмендігінен екенін айтты.

– Мемлекеттік рәміздерді қорлау – тарихын танымау, Тәуелсіздіктің мәнін түсінбеу, ұлттық намысының болмауы. Оған қоса, отбасындағы тәрбиенің кемшілігі, білімінің таяздығы. Бұл жағдайдың болашақта қайталанбауы үшін жауаптыларды қатаң жазалап, мемлекеттік құндылықтарды қорғауға байланысты заңды күшейту мәселесін қолға алу қажет, – дейді ол.

Сұхбатымыздың соңына қарай Елтаңба авторына бүгінгі таңдағы елдің таңдауы, мемлекеттің бетбұрысы туралы сауал қойдық.

– Біздің ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздік. Осынау баға жетпес құндылығымызды баянды ету – бүгінгі және болашақ ұрпақтың парызы. Сондықтан Жаңа Қазақстан құру үшін қоғам талабымен ұдайы санаса отырып, оның ар жағында ұлттық санамызды жаңғыртып, рухани құндылықтарымызды қорғайтын жаңа заңдар қабылдау қажет. Елдің дамуы ең бірінші кезекте  ақыл-сананың қалыптасуына, бұл орайда отбасы тәрбиесі және білім сапасына байланысты. Дәлірек айтсақ, ұлттық идеология жолға қойылса, әлеуметтік-экономикалық мәселелер өз-өзінен шешімін табады, – деп түйіндеді Елтаңба авторы.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<