Мемлекеттік қолдау аясы кеңейді

695

0

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев облысқа сапары барысында әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды аралап, мемлекеттен берілген гранттар және микрокредитпен өз ісін бастаған кәсіпкерлермен кездесті. Басқосуда халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты.

Вице-министр сапарының екінші күнінде өңірлік коммуникациялар орталығында брифинг берді. Журналистерге жыл бойы атқарылған жұмыстар мен саладағы жаңалықтар туралы айтты. Биылғы жылдың ерекшелігі – Әлеуметтік кодекстің іске асуы. Оны әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, өз ерекшелігіміз ескеріліп, Еуропа Одағындағы жаңашылдықтар басшылыққа алынған.

Кодекс 5 бөлім, 19 тарау және 267 баптан тұрады. Ол өз кезегінде 9 заңның күшін жоюға және қолданыстағы 50-ден  астам заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге әкелді. Құжаттың негізгі бес новелласына қысқаша түсініктеме берген вице-министр  отбасының цифрлық картасы аясында әлеуметтік төлемдер және көмектер деректерге негізделіп  тағайындалатынын айтты.

– Цифрлық картадан көпбалалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын-қатерге тап болу ықтималдығы жоғары екенін көрдік. Осыған байланысты, балалы      отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы біртұтас жүйесін толық сақтау және оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылды.

Кодекске енгізілген жаңа параметрлер мемлекеттік қолдаудың аясын кеңейтуді көздейді. Соның негізінде бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылды. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтілді, оларға Алтын және  Күміс  алқамен наградталған аналар деген жаңа статус қарастырылды.

Сонымен бірге, 18 жасқа дейінгі  балаларға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызы көлеміндегі бастапқы капитал балалы отбасылар үшін қосымша көмек  көзі болмақ. Осы бағыттағы екінші  маңызды өзгеріс 2025 жылдан бастап  атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін  кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейімен емес,  медиандық табыс есебінен анықталатын болады. Бұл ретте, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерделенді. Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі медианалық кірістің 40 пайызына, Канадада 50, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Германия және Францияда 60 пайызына пара-пар,  – деді вице-министр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<