Келіні жақсы үйдің керегесі алтын

473

0

«QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығы мен С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Келіні жақсының – керегесі алтын» атты келіндер сайысы өткізілді. Шараның басты мақсаты – жас отбасыларды қолдау, жас келіндердің арасында отбасы құндылықтары мен ұлттық дәстүрлерді насихаттау.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді бағдар еткен сайысқа бес келін қатысты. Олар «Сәлем – сөздің анасы» «Таныстыру», «Өнерлі өрге жүзер», «Аспазшы – үйдің ырысы» және «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» бөлімдері бойынша бақ сынады.

Байқау «Бастаңғы» әжелер ансамблінің «Ата дәстүр» әнімен ашылды. Келіндер сайысын «Анаға тағзым» орталығының әдістемешісі, «Жас отау» жас отбасылар клубының жетекшісі Сәлима Шалабайқызы, қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Бағым Едігеқызы, «Бастаңғы» әжелер ансамблінің жетекшісі Шамшырақ Көрпешова бағалады.

– Бүгінгі сайысқа үлкен дайындықпен келдім. Өз өнерімді көрсету үшін тоқыған түкті кілемді әкеліп отырмын. Бұл – бабадан келе жатқан байырғы дәстүріміз. Кілем тоқуды қыздарыма үйретемін. Өзім Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімімін. Сабақтан тыс уақытта оқушыларыма кілем тоқудың қыр-сыры жайында айтып, кеңес беремін. Мұның адамның ой-өрісінің дамуына тигізетін пайдасы орасан. Отбасында ата-енемнің қолында тұрамын. Сол кісілердің өнегесін алып, бойымызға сіңіріп келеміз. Бүгінгі сайысқа барлығы бес туынды ұсынып тұрмын. Көрерменге оның жасалу жолдары жайлы айтып бермекпін. Мұндай сайыстың жас отбасыларға берер өнегесі мол деп білемін. Алдағы уақытта да ұйымдастырылып тұрса дұрыс болар еді, – дейді қатысушы Әсел Айнышева.

Жарыс қорытындысы бойынша Балнұр Күмісбай бас жүлде иегері атанды. Бірінші орынға Айгерім Рысмағанбетова лайық деп танылды.   Екінші орынның жүлдесі Шолпан Мұнарбаеваға табысталды. Үшінші орындарды Әсел Айнышева мен Аида Шынтемір иеленді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<