Мен бүгін ұстазды айтып толғанамын

985

0

Бала жаны ақ парақ секілді, онда нені жазсаң, соны оқисың!.. Жанымыз мөлдір, пейіліміз таңғы шықтай тап-таза бала күндерді еске алсақ, аппақ көңілімізге ақ жүрегін қауырсын қылып, өнеге жазған, білім құйған алғашқы ұстаздар еске түседі. Сондай ұстаздың бірі – оқушы Розаға Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде дәріс берген Айсұлу Құрманғалиқызы Киенбаева еді.

Ұлт тілі, ана тілі екінші орынға түскен сонау жылдары да апайымыз сабағын “Қазақтың тілі – жаныңның тілі. Мынау Ұлы Отанның, ұлан-ғайыр даланың тарихының тілі. Абыз далаңның, абзал анаңның тілі! Оның ұмытуың, оны ұлықтамауың – Отанға опасыздық жасағанмен тең! Химик бол, биолог бол, офицер бол, ұшқыш бол, өз тіліңе өгейлік танытып, адам сапына қосыла алмайсың!..” деп бастайтын. Мектеп бағдарламасына енген Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мәлімет-тапсырмаларынан бөлек, Ежелгі дәуір әдебиетінің туындыларын, батырлар жырын, Зар заман ақындарының шығармаларын санамызға тоқитын. Есеп-қисапқа, өзге тілдердің пәніне көбірек уақыт кетіріп, ана тіліміз бен әдебиетке сәл жалқаулық таныта қалсақ, байқап қойып: “Анау ақын бабаң сен оқысын деп өлең жазды, мына жазушы көкең сен түйсінсін деп проза жазды. Бергі жырау әкең суық заманның сұрқынан жерініп, ұлтын сүйсін деп терме-толғау жазды. Сен содан жерінуге, оған енжарлық танытуға ұялмайсыңдар ма? Елімізге тағдыр айдап келген анау орыстың баласынан Лермонтовты сұрап, жатқа соғады. Мына кәрістен әдебиеті туралы сұрасаң философтарының ойын төгіп береді. Өз елдеріңде, өз жерлеріңде жүріп, сендердікі не?”,-деп өкпелейтін. Қарап отырсам, отаншылдыққа, ұлттық құндылықтарға баулығаны, қайраған екен ғой. Ұлттық тәрбие беру өзекті мәселеге айналған дәл қазіргідей кезеңде біздің Айсұлу апай секілді ұстаздардың бала жанына бағбан бола білетін қасиеті керек-ақ…

Ұстаз ең бірінші бар қасиеттерімен оқушыға сүйкімді болып, оны болмысына қызықтыра алуы керек қой. Айсұлу Құрманғалиқызы бізді қызықтыра білді, өзіне емес, ұстаздыққа. Апай тұрмыс құрып келген Жетікөлдегі мектептің бір сыныбынан бірнеше мұғалім шықтық. Әр сабағын жібермеуге тырысып, әдебиетсіз өмір сүре алмайтын, өз тілімізде сауатсыз сөйлеу мен сауатсыз жазудан ұяла алатын шәкірттер шоғырында өстік. Апай ешқашан сабақ уақытының көлемінде ғана жұмыс істемейтін. Ол – Аралда ұстаздық етіп жүргенде ауданда бірінші рет мектеп жанынан оқырмандар клубы мен драма үйірмесін ашқан мұғалім. Жетікөлдегі біздің мектепте еңбек етіп жүрген жылдарында да тұйық деген, үлгерімі төмен деген балалардың өзін серпілтіп, сахнаға шығарып жіберетін. Әр баланың псхологиясымен сынып жетекшісі болмаса да жеке жұмыс жасап, оның болашағына алаңдайтын. Жүздің ішінен мықтыны айырып танитын қабілеті де ерекше еді. Айсұлу апай додаға қосқан шәкірт жүлдесіз оралмайтын.

Соншалықты қиын уақыттардың өзінде де апай Аралдағы оқушыларын облыс орталығындағы драма театрға әкеліп, кәсіби қойылымдар тамашалатады екен. Сонда ойлаймын ғой, оқушы зердесінің ашылып, танымының кеңеюі үшін ол кісі өзіне қандай жауапкершіліктер жүктеген деп…

Еңбегі елеусіз қалған жоқ, КСРО білім беру ісінің үздігі атанды. Әуезов шығармаларын зерттеп, оқушыларға кеңінен насихаттау мақсатында педагогтарға арнап жазған бірнеше әдістемелік көмекші құралдары әдістемелік оқулыққа айналып, облыс көлемінде таратылды. Онан бөлек, өзін өмірден өтіп кетсе де көңілінен шығармайтын, атын мақтанышпен атайтын шәкірттер шоғырын қалыптастырды. Оның шәкірттерінің арасында ғылым кандидаттары, профессорлар, белгілі педагогтар, кәсіпкерлер мен мекеме басшылары бар. Оның отбасындағы ұстаз рөлінің маңыздылығы сол, апайдың төрт баласы да аналарына төрт мұғалім аруды келін етті.

Айсұлу Құрманғалиқызының жасаған жұмыстарының ізі осы күні де өз жалғасын тауып келеді. Өзі еңбек еткен ұжымдарды мерейлі даталарда еске алу кештері өтіп тұрады. Ол бастамалаған оқырмандар клубтары мен драма үйірмелері әлі күнге жұмысын жалғастырып келеді. Біз осындай ұстаздарды замананың әйгілі тұлғаларына, алып бәйтеректеріне айналдыра біліп, олардың есімін өшпестей таңбалай алуымыз керек деп ойлаймын. Мұндай істер – біздің заманның, біздің қоғамның деңгейі мен дәрежесін көрсететіндей…

Біз Сізді ұмытпаймыз, Ұстаз!

Роза Жадиева,
Шәкірті, К.Қаракөзов атындағы 235 мектептің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<