Мұратына жеткен Мұрат

1163

0

Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемұлы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған ақын, күйші, жырау Мұрат Сыдықов туралы жазбасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – Домбыра!

Қара сөздің қуатын жандандырып, қасиетін арттырған Қадыр ақынның осы өлеңі әрбір қазақтың жүрегінде желбіреген жалаудай үнемі алаулап тұрса ғой. Бұл жерде мен Мұрат аға, яғни Мұрат Сыдықовпен мақтанамын. Ол – сол домбыраны бес жасынан тастамай, өнердегі серігі, сырласы етіп келеді. Демек, нағыз қазақ! Мәдениет саласында бір биыл емес, қызмет бабымен талай уақыт осы бағытта жүрдім, өнер адамдарымен етене араластым. Солардың ішінде Мұрат ағамның орны жоғары. Биыл аға 82 жасқа келді, шүкір әлі тың, ширақ, домбыра жалаугері. Әрбір кездесуде бір өзімен емес, толық оркестрмен жолыққандай сезімде боламын. Оның себебі де бар. Олай деуім, ол – шебер. Біресе күйші, біресе ақын, біресе жырау, біресе композитор! Өнердің тұнығы өн бойында жатқан көмбе секілді. Қаламгер Жаңабай Кемалдың «Қазанғаптың көзіндей, Нұртуғанның сөзіндей» деп бағалауы тектен-тек емес. Мұрат – мәңгі музаның мұрагері. Домбыраның шанағын ұстағанда саусағы сыр іздеп, қос ішекке қуат кіреді. «Махамбеттің толғауы», «Мұраттың төкпесі» күйлерін орындағанда ұлт тарихының ұмыт қалған тұстары тіріліп кеткендей күй кешеміз. Бұл ғажап емес пе?Облыс әкімдігінің қолдауымен Мұрат Сыдықовтың «Жырлайды Арал перзенті» және «Жыр мәйегі – мақам» атты қос бірдей кітабы жарыққа шықты. Сол кітап Сыр сүлейінің тұяғын тамаша өнер қайраткері екенін таңбалап берді, ол жеткен үйдің бағалы қазынасына айналды.

Мұрат ағам жыр жырлаудың 23 мақамын біледі және оны үнемі орындауды жалғастырып жүр. Бұл – үлкен мұра! Ең кереметі, ол өткеннің өнердегі өшпес жолын жаңғыртып, тарихи тұлғаларды ұрпаққа жеткізгені еді. Нұртуған мектебін қалыптастырған Бітімбай, Бижан, Жансүгір, молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібозға бір тоқтап, іле Жәмет, Дәріқұл, Еңсепбай, Жалғасбайды, сонан соң Көпжасар, Бақытжан, Үмбетәлі жырауларды тірілтіп берді.Жалпы, Мұрат Сыдықұлы – 1940 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты «Қарашалаң» елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Сыдық домбырашы, сауыққой-сері, анасы Болқын қолөнер және сөз шебері болған екен. Демек, ол өнердің бесігінде тербеліп, өсті. Сондықтан шығар, бес жасынан домбыраға әуесі артып, Қазанғаптың, Құрманғазының, Динаның күйлерін тартыпты.Оның өзгеден бір артықшылығы, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітіріп тұрып, Алматыда қалуға болар еді. Бірақ, ол елге еңбек етуді таңдады. Тіпті облыс орталығында емес, алыстағы Аралға, туған жеріне табан тіреді. Мұрат ағаның мықтылығы осында. Теңізбен тағдырлас, тілеулес болуында. Талант деген ауылдан да асқақтай алады.Ол 1980 жылы өзінің отбасы мүшелерінен тұңғыш «Сыдықовтар жанұялық ансамблін» құрып, өнер сүйер қауымның мақтанышына айналды.Мұрат Сыдықұлының әндер, күй-толғаулар, өлең-жырлары жетерлік. Бұған дейін де жазылып келеді. Ал, виртуоз орындаушы ретінде Республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық өнер байқауларының лауреаты екенін де ескерген жөн.Оның «Қайдасың сен», «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Сырдария», «Шаттанамын», «Шалқи бер, дала», «Аққуым менің», «Майдангерлер мәңгі жасайды», «Туған жер» әндері мен «Арал толқыны», «Біздің Ғани», «Әке арманы», «Қайран ағалар», «Балдыз», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Балтабай», «Мұраттың төкпесі», «Қос тұйғын» тағы басқа күйі руханиятқа қосылған риясыз еңбек. Сондай-ақ «Батыр баба – Жанқожа», «Махамбеттің толғауы», «Тойға шашу», «Астанаға сәлем» сияқты симфониялық күй-поэмасын Қазанғап атындағы «Халық оркестрі» мен Тұрмағанбет атындағы облыстық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің тұрақты репертуарына енген.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Сыдықұлы Сырдың саңлақ өнер қайраткері. Ол өзімен бірге жары Базарды, балалары Жандос, Төлеген, Санираны халыққа таныстырды, өнерін өркендетті. Мұрат ағамыздың табиғи таланты әрбір тыңдарманға тамаша сый, көңіл-күйге керемет феномен. Ақын Фариза Оңғарсынова: «Мұраттың «Теңізбен мұңдасуы» атты үлкен шығармасы Арал тағдырының гимні» деуінің өзі неге тұрады? Аралдың кемеріне қайта келерінен үмітін ешқашан үзбейтін Мұрат ағаның бүкіл жиған-тергенін “Халықаралық Аралды құтқару қорының” шотына аударып жібергені де өз алдына бір ерлік!Жалпы, Мұрат аға мұратына жеткен жан. Қол созым бақыттың бәрі ағаның абыройында бар. Бұл бақыт өнердің бақыты, отбасының бақыты. Сыдықовтар үшін сый мен сыйлық таңсық емес, ең бастысы, өнердің өшпеуінде. Біз өнерді қолдау арқылы талантты тұлғаның беделін биіктетуге тиістіміз. Аралыңыздың 95 жылдығы құтты болсын, Өзіңіз де жүз жасаңыз, Мұрат аға!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<