Облыста Халықаралық музейлер күніне орай Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. «Менің музейім» атты ашық есік күнінде облыс музейлері экспозицияларының «Үш он жылдық белес» атты экскурсиялар шеруі өтуде.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 экспонат» атты ашық аспан астындағы музейге сый акциясын облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтау бөлімі өткізді. Шара барысында музей қоры Сыр журналистикасының абызы, жазушы Айжарық Сәдібекұлының мемлекеттік марапаттары, кітаптары, тұтынған заттарымен толықты.
Еңбек жолын «Жаңадария», «Сырдария» аудандық газеттерінде бөлім меңгерушісі ретінде бастаған қаламгердің онан кейінгі кезеңдерде қызмет баспалдағы 1972-1997 жылдар аралығында облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») басылымында жалғасқан. Еңбекші хаттары, совет құрылысы, партия тұрмысы, саясат және қоғам бөлімдерінде тілші, аға тілші болып ізденімпаздығымен дараланды. Қаламның құдіретін ойлы оқырманға ұғындыра білген сала мақтанышы толымды туындылары арқылы өзін кітапсүйер қауымға мойындатты.
Сондай-ақ, мұражай қорына этнографиялық жәдігерлер, суретші Аралбай Ордабаевтың туындылары, әнші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетова және білім саласының үздігі Жұпаркүл Иманбаеваның мемлекеттік наградалары мен жеке тұтынған заттарынан 100-ге жуық құнды экспонаттар алынды.
Акцияға қала тұрғындары, қылқалам және қолөнер шеберлері қатысты. Музей директоры Сапар Көзейбаева мекеме қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, марапаттар табыстады.
Айта кетейік, өңірімізде 14 мұражай бар. Облыс музейлерінің қоры палеолит дәуірінен бастап қазірге дейінгі өлкенің тарихынан, экономикасы мен мәдениетінен, әдебиеті мен өнерінен, флорасы мен фаунасынан сыр шертетін тарихи құндылықтармен үнемі толығып отырады. Бүгінде олардағы жәдігер саны 147 мыңға жуық.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<