Нақты тапсырмалар берді

707

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновті қабылдады.

Онда елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар баяндалды. Атап айтқанда, биылғы 7 айда 1400-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, жемқорлық фактісімен 900-ге жуық тұлға әшкереленді.

Олжас Бектеновтің айтуынша, сыбайлас жемқорлық қауіптері мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырудың өнім көлемін жоспарлаудан бастап шарт міндеттемелерін орындауға дейінгі барлық сатысында кездеседі.

Президенттің тапсырмасына сәйкес агенттік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бөлімшелерінің жұмысын бағалау тәсілдерін қайта қарады. Статистикалық көрсеткіштер үшін ғана жасалатын әрекеттер алынып тасталды.

Ведомствоның қызметінде бағдар ретінде сыбайлас жемқорлық қауіптерінің картасы айқындалып, оған процестердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге және жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты халық пен бизнесті толғандыратын көкейкесті мәселелер енгізілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысын күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

***

Мемлекет басшысы сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевты қабылдады.

Дәурен Абаев азаматтардың жекелеген санаттарының кірісін арттыру шаралары туралы айтты. Атап айтқанда, биыл мәдениет, өнер және спорт мекемелері қызметкерлерінің жалақысы өскен. Министрлік Мемлекет басшысының тиісті тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты жалғастырады.

Мәдениет және спорт министрі кітап шығару саласындағы жағдай туралы баяндады. Қазір негізгі күш баспа өнімдерінің, соның ішінде балалар әдебиетінің бәсекеге қабілетін арттыруға, сондай-ақ жазушыларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар Президентке мұрағат қоймаларын жаңғырту мен цифрландыру жайы айтылды.

Қазақстандық спортшылардың халықаралық ірі жарыстарға, 2024 жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындық мәселесі де жеке қарастырылды.

Мемлекет басшысы министрлікке бұқаралық және балалар спортын дамыту, ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттау жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев туристік инфрақұрылымды дамыту мен шетелдік инвесторларды тарту және бірлескен туристік жобаларды іске қосу үшін қажетті жағдай жасаудың маңызды екенін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<