Ұзақ уақыт гибернация процесінде болған «Кеплер» телескобы қайта өңдеуден өткен соң, Жерге жаңа ақпарат жіберді. Ғарыш телескобы бұған дейін 1000-нан аса ғаламшардың жобасын анықтап, суреттерін Жерге жолдаған еді. Оның соңғы операциясы ең пайдалы әрі нәтижелі сеанс деп танылды.
«Кеплердің» 95 мегапиксельді фотометріне 44 жаңа планета іліккен. Оның ішінде 16 пленета Жердің құрылымына барынша ұқсас болып шықты. Алайда бұл экзопланеталар Жерге ұқсағанымен, ондағы климат Меркурий мен Шолпандағыдай екен. Шамасы онда саналы тіршілік көзі жоқ, бірақ бактериялар болу ықтималдығы жоғары. Анализ планеталардың көлемі мен ондағы температураны анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңалықтың таңғаларлығы сол, НАСА бұған дейін бір сеанста тек 10-12 экзопланетаны ғана қабылдап отырған. Ал бұл операция кезінде 2013 жылы істен шығып, биыл қайта жөнделген «Кеплер» 44 экзопланетаны анықтап, Жерге жіберген. Еске сала кетейік, 2013 жылы «Кеплердің» 4 негізгі қозғалтқышының екеуінде ақау табылып, телескоптың бұрынғы қарқынмен жұмыс істей қоюы екіталай нәрсе еді, бірақ «Кеплер» әлі күнге дейін ғалымдарға жаңа ақпараттар жіберіп жатыр. «Кеплер» жобасының басы-қасында жүрген Джон Ливингстон жаңалық жайлы мынадай пікір білдірді: «Кеплердің уақытша істен шығуы бізге оңынан болды. Егер ол бұрынғы режиммен жұмыс істей бергенде біз осыншама таңғажайып планеталардың барын білмейтін де едік. Бұл сеанс арқылы біз ғаламшарлар жүйесінің қалай құрылғанына көз жеткізе түсеміз», – дейді Ливингстон.
Дереккөз: massaget.kz
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<