Құтырма – бұл осы вируспен зақымданған жануарлармен тікелей жанасу арқылы, тістеу немесе сілекейлеуі мен тырнауы нәтижесінде тері немесе шырышты қабаттардың зақымдануымен берілетін аса қауіпті ауру.
Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы, яғни адамда аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 10-нан 90 күнге дейін, кейде 1 жылдан астам уақытқа созылады.
Инфекция көзі – жабайы жыртқыштар (түлкілер, қасқырлар, қарсактар, шақалдар және т.б.), сондай-ақ үй жануарлары. Құтырма ауруының арнайы емі жоқ, бірақ алдын-алу өте маңызды. Сондықтан дәрігерлер жануарлардың тістеуі немесе тырнауы кезінде зардап шеккен адамға жараны сабынмен шұғыл жуу қажет екенін ескертеді. Өйткені, сілтілі орта құтырма вирусын бейтараптандырады. Жарақаттанушы ары қарай дереу медициналық көмекке жүгініп, құтырмаға қарсы антирабикалық екпені алуы қажет.
Облыс тұрғындары арасында 2024 жылдың І тоқсан қорытындысымен аса қауіпті құтырма ауруы тіркелген жоқ, бірақ әртүрлі жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шегіп, медициналық көмекке 329 адам жүгінді. Былтырғы жылдың 3 айымен салыстырғанда жануарлардан зардап шеккен тұрғындар саны 1,3 есеге төмендеген.
Жарақат алған тұрғындардың 34,3% – 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде, ал былтырғы жылдың 3 айымен салыстырғанда жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген балалардың үлесі 1,7 есеге төмендеген.
Медициналық көрсеткіштерге сәйкес жарақат алған тұрғындардың 1,8% ауруханаға жатып ем алса, 54 пайызы шартты және 46 пайызы шартсыз курс бойынша құтырмаға қарсы екпемен қамтылды.
Тұрғындар арасында құтырма ауруының алдын алу шараларын күшейту мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы мамандарымен санитариялық-ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Әлия Әбдіқайымова,
Қызылорда облысының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<