Облыста құқық бұзушылық деректерінің тіркелуі төмендеген

154

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, осы жылдың І тоқсанында 27 іс өндірісте болып, оның 11-і аяқталды.

Сондай-ақ, департамент қарауындағы 6 іс сотқа жолданып, 5 іс аяқталмайтын негізде тоқтатылды. Бұдан бөлек, аталған департамент қолға алған «Бизнесті қорғау» жобасы өз ісін жауапкершілікпен жүргізіп отырған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Осы жобаның нәтижесінде жыл басынан бері кәсіпкерлердің конституциялық құқығын бұзу дерегі анықталмады.

– Жалпы облысымызда құқық бұзушылық деректерінің тіркелуі өткен жылдарға қарағанда төмендегені байқалады. Бірақ бұл – қылмыс тоқтады деген сөз емес. Қазір біз саннан гөрі сапаға көңіл бөлу ұстанымымен жұмыс істеудеміз. Бүгінде біздің департамент қылмыстық істерді 100 пайыз электронды форматта тіркейді және аяқтайды. Қоғамның алаңдаушылығын тудырып отырған тағы бір мәселе – қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтықтың қарқын алуы. Осыған байланысты өңірде қаржы пирамидасын ұйымдастырған ағайын екі азамат 5 жыл мерзімге сотталып, шығын көлемі салымшы азаматтарға толық қайтарылып берілді. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан «Кибернадзор» жүйесі арқылы 185 сілтеме бұғатталып, 5 аккаунт жойылды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде заңсыз ойын ұйымдастырушылар қатары артып барады. Тиісінше, осы жылы заңсыз ойын бизнесіне қатысы бар 2 қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, соңғы 2 жылда департамент өндірісінде заңсыз ойын бизнесіне қатысты 23 қылмыстық іс анықталып, 22 ойынхана жабылды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады және өңірдегі қылмыстарды азайту мақсатындағы жобалар сәтті жүзеге асады деп ойлаймыз, – деді Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп тексеру департамент басшысының міндетін атқарушы Арман Джанадилов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<