Үкімет басшысының кеңесшісі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржыландырылған өндірістік, одан бөлек әлеуметтік нысандар жұмысымен танысуды Қызылорда қаласында жалғастырды.
Алдымен сол жағалаудағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадионға және Үстел теннисі орталығына барды. Стадион қазан айында футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды. УЕФА классификациясы бойынша ІV санатқа кіреді.
Ерекше атап өту қажет, стадион облыс бюджетінен үнемделген қаражат есебінен салынды. Материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Үстел теннисі орталығында 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар, 31 қызметкер еңбек етеді.
Әрі қарай Ералы Тоғжанов «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағы мен «BAUKIN» ЖК жиһаз цехында болды. Шағын өнеркәсіптік аймақта «Момыш» ЖК кондитерлік цехы тәулігіне 40-60 келі, «Жапахов» ЖК сүт өнімдері цехы 1200 литр, «Жапахов» ЖК нан-тоқаш өнімдері цехы 600-800 келі, «Берлибековна» ЖК ет және шұжық өнімдері цехы 60-100 келі, «Есимсейтова» ЖК цехы 60-100 келі, «Ерниязова» ЖК цехы 40-60 келі, «Адил и К» ЖК цехы 50-80 келі, «Абил» ЖК жартылай фабрикаттар цехы 50-70 келі өнім өндіреді. Жиһаз цехы айына 2-3 жиһаз шығарады.
«Раманкулова» ЖК жартылай дайын тағам өнімдері цехында да жұмыс жүйеге қойылған. Кәсіпорын тәулігіне 5-15 келі тұшпара, манты, тефтели дайындайды.
Нысандарды аралаған соң Ералы Тоғжанов «Аяла» ЖК тігін цехына барды. Мұнда айына 50-60 көрпе, көрпеше, жастық, ұлттық киімдер тігіледі.
Премьер-министр кеңесшісі аймақтағы серпінді жобаларға, тындырымды тірлікке оң бағасын беріп, алдағы міндеттерді де атап өтті.





