Өңірлік бағдарлама өндірісті ілгерілетті

987

0

Фото: Қармақшы ауданы

Қармақшы әу бастан ауыл шаруашылығына бейім аудан. Былтырғы су тапшылығына қатысты 500 гектар егісті қысқартқаны бар. Бірақ соған қарамастан, 88 мың тонна күрішті қамбасына құйған аудан өткен жылы облыста «Ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік аудан» атанды.

Иә, өткен жылы «көгілдір отынға» қосылған Жосалы кентінен бөлек, Төретам, Ақай және ауданға қарасты елді мекендерде кәсіпкерлік саласы да дамып келеді. Жалпы былтыр Қармақшыда 13 млрд теңгеден астам өнім осы кәсіпкерлік арқылы өндірілген.

Кәсібін дөңгелентіп, елге нағыз қажеттіні ұсынып отырғандардың бірі – Фатима Шенеусізова. Кәсіпкер Ақай ауылында тұрады. 2014 жылдан бері өз бастамасымен цех ашқан. Құрылысқа қажетті газоблок шығаруды қолға алып, ауыл сыртынан өндірістік ғимарат та салыпты. Қажетті инфрақұрылым тартылып, өнім өндіруге керекті жабдықтарын өзі түгелдеген.

Қазір цехта күніне 20 текше метр  өнім дайындалады. Тапсырыс бойынша үш түрлі формадағы газоблок шығарып отыр. Бағасы да қолжетімді. Маусымдық кезеңде 10 адамға дейін жұмыс істейді.

Цехты толықтай жұмысқа қосу үшін кәсіпкер «Микробизнес Қызылорда» өңірлік бағдарламасымен 7 млн теңге несие алыпты. Өзінің айтуынша, бұл қаржыға цехқа қосымша құралдар алынып, ғимаратқа қыста да жұмыс жүру үшін қосымша жөндеу жүргізілген. Аталған жұмыстарға облыс пен аудандағы кәсіпкерлік саласының мамандары да қолдау көрсеткен.

Айта кету керек, Қармақшы ауданында былтырдың өзінде өндіріс саласын дамыту мақсатымен 57 шағын цех іске қосылыпты.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<