Ойлылар ойыны

828

0

Тоғызқұмалақ – қазақтың есепке жүйрік екенін дәлелдейтін ойын, Ұлы даланың мұрасы. Облыстық тарихи-өлкетану музейі ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып, жасөспірімдер арасында «Алтын тақта» тоғызқұмалақ турнирін ұйымдастырды. Ойлы оқушылар қатысқан ойын Наурыз мерекесіне және Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияның 20 жылдығына орай өткізілген.

Турнирді облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұлов ашты. Облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының вице-президенті Бауыржан Елеусінов ойыншыларға сәттілік тіледі.

– Тоғызқұмалақ ойынының тарихы төрт мың жыл бұрын басталған. Ойын жоғары интеллектуалды спорт түріне жатады. Еліміздің әр түкпірінен табылған, тасқа қашалған тоғызқұмалақ тақтасының бейнелері де ойынның ертеде пайда болғанынан хабар береді. Негізінен екі ойыншының арасында өтеді. Шарты бойынша ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап, жеңіске жетуі керек, – деді ол.

Облыстық турнирге Ұлттық дәрежедегі төреші Б.Елеусінов, І дәрежелі төрешілер Н.Есмамбетов, Б.Рзаев төрелік етті.

Тартысты додаға 2 және 6-сынып оқушылары қатысты. Ер балалар арасынан І орын №144 мектептің оқушысы Болат Мансұрға, қыз балалар арасынан І орын №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Фарида Мектепханға бұйырды. Жалпы ойында 10 оқушы жүлдеге ілікті. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, сыйлықтармен марапатталса, қалған оқушыларға арнайы алғыс хаттар табысталды.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<