Оқушы саны 5 мыңға артқан

666

0

Білім күні. Бұл күн – ұстаздар мен оқушылар үшін мерейлі сәт, мәні бөлек мереке. Жаз бойы алаңсыз демалған балалар енді өзіне тән міндет пен жауапкершілікті сезініп, алтын ұя мектебіне қадам басты. Алғашқы қоңырау соғылды. Ал, мектеп табалдырығын ең алғаш аттаған балдырғандардың қуанышы өз алдына. Айталық, биыл аймақтағы 295 мемлекеттік, 16 жекеменшік мектепте 182 мың оқушы білім алатын болса, оның ішінде 18 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды. Жалпы оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 5 мыңға артқан. Бұл – әрине, көңіл қуантарлық жаңалық.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет жаңа оқу жылының басталуына орай салада орын алған өзгерістер мен оған сәйкес атқарылған жұмыстардың жайын баяндады.

60 мыңға жуық бүлдіршін тәрбиеленуде

Облыстағы 677 мектепке дейінгі ұйымда 59902 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 3 жастан 6 жасқа дейін балалар толық қамтылған болса, 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің қамтылуы 90%-ды құрады. Бұл ретте жеке балабақшалар үлесі 73%-ды құрап отыр.

– Мектепке дейінгі білім беруде балаларды тәрбиелеу мен оқытудың жаңартылған тәсілдеріне сүйеніп, баланы тәрбиелеу процесіне отбасын белсенді тартуға негізделген жаңа модельді іске асыру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз. Осы ретте мектепке дейінгі ұйымдар басшыларының, сондай-ақ, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, жаңа бағдарламалар енгізу және балабақшалар жұмысының сапасын бағалау сынды басымдықтар талап етілетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта лицензиялау талаптарының кезең-кезеңімен енгізілетінін ескере отырып, ашылатын орындар мен балабақшалардың талапқа сай келуін қамтамасыз ететін боламыз, – деді М.Шермағанбет.

Сонымен қатар, бүгінде облыстағы 61 қосымша білім беру ұйымында  53959 бала қамтылған. Бұл орайда қосымша білім берудің аясын кеңейту мақсатында өңірдегі 295 мектеп жанынан 2170 спорттық секция және 1942 шығармашылық үйірме ұйымдастырылған. Айталық, жаңа оқу жылында мектеп қабырғасындағы білім алушыларды домбыра, шахмат үйірмелеріне көптеп тартып, олардың мәдени және интеллектуалдық тұрғыда дамуына ықпал ету мәселесіне басымдық беріліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, баланың білім алуымен қатар, шығармашылық қабілеті шыңдалады.

Биылғы оқу жылында 30 колледжде 20 мыңға жуық студент білім алады деп күтілуде. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін 6198 өтініш түссе, оның 4989-ы мемлекеттік тапсырысқа, 1209-ы ақылы негізде білім алуға құжат тапсырған. Жалпы  колледждерге бөлінген грант саны  4708-ді құрап отыр.

Жаңа оқу жылындағы жаңалықтар

Биылғы басты жаңалық – оқу жылының ұзақтығы бұрынғыдай 34  емес, 36 апта болды. Сала мамандарының айтуынша, бұл оқу материалын бекітуге арналған уақытты ұлғайтуға, балаға күніне 7-8 сабақ жүктемені 5-6 сабаққа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Демек балалардың қосымша білім алуына, сабақтан тыс уақытты тиімді пайдалануына мүмкіндігі артады. Сондай-ақ, барлық мектептер, соның ішінде лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер де бес күндік оқу аптасына ауысады. Қазіргі қолданыстағы мектеп бағдарламасына түзету енгізіледі.

1 қыркүйектен бастап бірінші сыныптардағы «Көркем еңбек» пәні «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» болып бөлінді. Сонымен қатар, «Шетел тілі» және «Орыс тілі» пәндері бірінші сыныпта оқытылмайды. Енді қазақ тілінде оқытатын мектептерде 1-ші сыныптан бастап тек қазақ тілі, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ және орыс тілдері оқытылады. Сондай-ақ, қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілін оқытуды 2-сыныптан, ағылшын тілін 3-сыныптан бастап оқыту жоспарланып отыр.

Оқушылардың білімін бағалау бұрынғыша сақталады, яғни, БЖБ, ТЖБ және күнделікті қалыптастырушы бағалау әдісі арқылы айқындалады. Тек 1-сынып оқушыларына баға қойылмайды.

Оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту мәселесіне келсек, 1,4 млрд теңгеге 637 313 дана оқулық алынған. Бұл ретте 2-сынып оқулықтары толығымен жаңартылса, қалған 1 мен 11-сынып аралығындағы оқулықтар 20% толықтырылды. Бір сөзбен айтқанда, барлық мектептерге қажетті оқулық толық жеткізілген.  Сондай-ақ, интернет желісіне 100% қосылған. Компьютерлік құрылғылар саны – 44127 (бес оқушыға бір компьютер). Бұдан бөлек, санитарлық сақтық шараларын сақтауға жергілікті бюджеттен 36,6 млн теңге бөлінген.

Қалалық және ауылдық мектептерде топқа бөлу сыныпта 24 бала немесе одан асқан жағдайда жүргізіледі. Басқарма басшысының айтуынша, қаладағы үш ауысымда оқытатын 6 мектептен (Абай мектебі, №3, №101, №261, №264, №280) басқа білім беру ұйымдары түгел 5 күндік оқу аптасына ауыстырылды.

Біліктілік арттыру, ротация, аттестация

Мұғалім мәртебесін көтерудің барлық алғышарттары жасалып, материалдық ынталандыру аясы кеңейіп келеді.  Мысалы, 2020 жылдан бастап ұстаздарға қажетті үстемақы төленуде. Биыл бұл жұмыстарды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 52,4 млрд теңге қаржы бөлінсе, алдағы жылы педагогтар жалақысы тағы 25 пайызға көбейетін болады. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға өседі.

– Тағы да жақсы жаңалықтардың бірі алдағы күндері үздіксіз педагогикалық еңбек өтілі 25 жыл және одан асқан барлық мұғалімге «Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» төсбелгісі берілетін болады.

Ал  педагогтарды жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі осы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Дәлірек айтсақ, бос орындарға толық жүктеме қалыптасқан жағдайда ұстаздар ашық конкурстық іріктеу арқылы қабылданады. Жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі бойынша бүгінге дейін мектептерге 36 маман қабылданды. Сондай-ақ, енді педагогтар 3 жылда кемінде бір рет біліктілік арттыру курстарына қатысуы тиіс. (Бұрын бес жылда бір рет өтетін болған), – деді басқарма басшысы.

Баяндамадан білгеніміздей, бүгінгі күні аймақта 18 мемлекеттік балабақша мен 28 мектепте басшылардың орны бос. Бос вакансияларға конкурстар өткізілген, дегенмен үміткерлердің тестілеу кезеңінен өте алмау себебінен басшылар тағайындалмаған. Сондай-ақ, облыста ротациялаумен 43 балабақша, 49 мектеп басшысы қамтылады, ал 250 білім беру ұйымының басшысы аттестацияланады.

9 мектептің құрылысы жүргізілуде

Биыл облыс бойынша 47 мектепті жаңғыртудан өткізуге жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінсе, 2,1 млрд теңгеге 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы №10 мектепке, Қармақшы ауданындағы №85, №28 №121 мектептерге, Сырдария ауданындағы №42 және Жаңақорған ауданындағы №55 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Баяндама барысында жаңа оқу жылына дейін 5 мектептің жөндеу жұмыстары аяқталса,  Жаңақорған ауданындағы №55 мектептің күрделі жөндеу жұмысы қыркүйек айының соңында аяқталады деп жоспарланып отырғаны айтылды. Оған дейін аталған мектептің 1-11 сынып аралығындағы 573 оқушысы мектептің 2014 жылы салынған қосымша ғимаратында және биыл пайдалануға берілетін 90 орындық жаңа балабақша ғимаратында екі ауысымда сабақ процесі ұйымдастырылады.

– Қазір облыста 4 апатты мектеп бар. Оның 3-уі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.  Ал 1 мектепке жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, үш ауысымдық 6 мектептің мәселесін шешу бағытында 2  мектепке қосымша ғимарат құрылысы басталуда, 2 мектепке  қосымша құрылыс салу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 600 орындық мектеп (Қызылорда-Жезқазған трассасы бойынан) 2 үш ауысымды (№261, №280) мектептің мәселесін шешетін болады, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Айта  кетейік,  биыл  аймақта  4350 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6-ы мемлекеттік, 3-уі жеке мектеп.

Жаңа оқу жылына Арал ауданындағы 200 орындық №71 мектеп пен Қызылорда қаласы, «Сабалақ» саяжайындағы 500 орындық және Күлтекенов көшесіндегі 1500 орындық жеке мектеп пайдалануға берілді. Ал жыл аяғына дейін 5 мемлекеттік, 1 жекеменшік мектеп ғимаратын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, балалар тасымалы үшін 30 автобус сатып алу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Балалар жылында білім беру ұйымдарынан 47 логопункт, 29 инклюзивтік кабинет, 2 инклюзивтік ресурстық орталық ашылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен демеушілер есебінен 1 млрд теңгеге 80 спорттық ойын алаңы салынуда. Бұдан бөлек, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «ҚазГерМұнай» кәсіпорнының қолдауымен сол жағалауда заманауи үлгідегі Оқушылар сарайын салу жоспарлануда.

«Мектепке жол» акциясы

Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы шеңберінде демеушілер есебінен 7 105 балаға 101 млн теңге қаржыға көмек көрсетілген. Сонымен қатар, 33 268 балаға жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, бала басына 37 389 теңгеден қаржылай көмек берілген.

Ал «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға қаржылай көмек көрсетілген.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<