Оқырманға ой салар туынды

1078

0

Жақында «Жерұйық» атты кітап қолыма тиді. Автордың қолтаңбасы жазылған. «Алғы сөзге» назар салдымБүгінгі және келер ұрпағым жазғанымды қызыға да қуана оқиды деп ойлаймын. Сөйтіп менімен пікірлесіп, сырласатын да шығар. Өйткені, олар бізден де білімді, бізден де өткен саналы болады. Көпті білуге ұмтылады. Жазғандарымды көрсе, біздің заманнан шамалы болса да мағұлмат алып, толысары анық.

Өзге азаматтар кітапты парақтап жатса, ризамын… руханият жөніндегі азды-көпті ойларымды ортаға салдым. Бәлкім, бұл бір жағы менің ұрпағым алдымдағы есебім шығар»

Бұл жолдардың авторы – жерлесіміз «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор Серікбай Иманбайұлы Қошқаров ағамыз.

Кітапты парақтап қарадым. Алты бөлімнен тұрады екен. Көркем әдебиеттегі шығарманың оқырманға берер ой-тұжырымын шебер жеткізу тәсілі – әңгіме жанры. Автор жеті көлемді әңгімесі мен алты шағын әңгімесінде ауыл адамдарының жан дүниесін, қоғамдағы орны мен парасат-пайымын, түсіну, түйсіну сезімдерін өзара диалог арқылы ойнақы да шынайы ашып көрсеткен. Осы жинақтағы «Жерұйық» әңгімесінің көтерер салмағы да, айтар ойы да өзгешелеу. Бұнда автордың туған ауылының табиғатын суреттеп, анық тыныс-тіршілігін көз алдына қаз-қалпында келтіреді.

Бір кездегі қызу тірлігі қайнап жатқан ауылдан біртіндеп ел көшіп, жетім күй кешкен тұсы мен қайта жаңарған сәтін – жыбырлаған құрт-құмырсқадан бастап, арнасы кепкен көл, өзеншелердің суға толған, тоғай мен даланың жасыл желекке бөленген сәттерін суреттей отырып, сол ауылдың көнекөз ақсақалдары мен бүгінгі жас мамандарының арасындағы уақыт өлшемімен жүзеге асқан игі істер әңгімеленеді. «Жерұйық» әңгімесі жазылу стилімен, айшықты тілімен повесть жанрының жүгін көтеріп тұр десек, артық айтпаймыз. Шығармада бір кездері қолданыста болған, қазір ұмытыла бастаған сөздер де кездеседі. Мысалы, «Сыдық ақсақал бамдат намазынан соң сүт пісірімдей көз шырымын алып, аулаға шықты». Осындағы бамдат намазының қай уақыт екенін келесі сөйлемнен аңғарасыз. Сондай-ақ, зеңгілер, өжеттеспіз, жөнеп, пәруайымды деген сынды көне сөздер қайта жаңғырып, жаңа сипатта жазылған.

Осы «Жерұйық» атты кітапта автор әңгімелері, руханият жөніндегі ой-толғаныстары жайлы жазылған мақалалары және ой-пікірлерімен қоса әдебиетке жаңа өрнек сала бастаған күнделік жазудағы өзіндік қолтаңбасын байқатады. Кітапты оқып, оны қабылдау оқырманның еншісінде. Серікбай Қошқаровтың «Жерұйық» повесінің қадамына сәттілік тілеймін. Қалың оқырман жылы қабылдайды деген ойдамын. Қазақ прозасына жаңа туынды келіп қосылуымен құттықтаймын.

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын,

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<