Орган жұмысын жетілдіруді тапсырды

451

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады.

Мемлекет басшысына Қазақстандағы криминогендік жағдай туралы баяндалды. Ержан Сәденовтің айтуынша, елімізде жасалатын қылмыстар санының төмендеу динамикасы сақталып отыр. Кісі өлтіру 20 пайызға, ұрлық 28 пайызға, қарақшылық 32 пайызға азайған. Тонау, бұзақылық, мал ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері, сондай-ақ басқа да қылмыс түрлері төмендеген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, заңға қайшы әрекеттер мен қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын іске асыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы мәлімет берілді.

Бүгінде 8 миллион 500 мың заңға қайшы әрекет анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллионға көп. Жасалған құқықбұзушылықтар үшін 90 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 71 миллиард теңге өндіріп алынды.

Сонымен қатар Президентке ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру, соның ішінде ІІО қызметкерлерін аттестациядан өткізіп, ведомствоны лайықсыз мамандардан тазарту шаралары туралы баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтты.

Ұлыбританияның мемлекеттік министрін қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрі Нусрат Ганиге ілтипат білдіре отырып, Ұлыбритания Қазақстанның негізгі сауда серіктесінің бірі және ел экономикасына инвестиция салу көрсеткіші бойынша жетінші инвестор екенін атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда 550-ден астам британдық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр, олардың арасында Shell және Ernst & Young сияқты жетекші компаниялар бар.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы былтыр 60 пайызға артып, 1,8 миллиард долларды құрады.

– Біз Лондонмен сауда және инвестиция салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге мүдделіміз. Британдық тараптың да Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ниет танытып отырғанын ерекше атап өткім келеді, – деді Президент.

Өз кезегінде Нусрат Гани құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына ризашылығын білдіріп, Ұлыбритания тарапы екіжақты байланыстарды дамытуға баса мән беретінін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<