Қайта жаңғырған колледж сапалы білімге жол ашады

831

0

Сенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев заманға сай жаңғыртудан өткен Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысып, ұстаздармен пікірлесті. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, кәсіптік білім беру саласының ардагерлері мен ұстаздар қауымы қатысты.

Колледжді сенімгерлік басқару негізінде алған меценат Сейітқали Алшынбаев арнаулы оқу ордасының базасын жаңартуға 1,7 млрд теңге жұмсаған.

Мұнда облыс әкімі арнаулы оқу орындарының әлеуетін жетілдіру үшін «Жас маман» жобасы қолға алынғанын атап өтті. Бұл кәсіби білім алуға ынталы жастардың мүмкіндігін кеңейте түседі. Қайта жаңғыртудан өткен колледжде енді сапалы білім беруге жағдай жасалды.

– Жастар арасынан келешек еңбек адамын дайындауды біз бүгіннен бастауымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар Сыр өңірінде жүйелі түрде жүргізіледі. Сейітқали Бегманұлы бұған дейін Қызылорда қаласынан «Шұғыла», «Нұр-Шұғыла» балабақшаларын, «Zerde» интеллектуалды мектебін ашқан болатын. Өткен жылдан бастап Қызылорда құрылыс және бизнес колледжін сенімгерлік басқаруға алып, оқу орнын заманауи талаптарға сәйкестендірді. Аймақтың еңбек нарығына, оның ішінде құрылыс саласына қажетті, сұранысқа ие кадрлар даярлайтын оқу орнының алдағы атқаратын жұмыстары ауқымды, – деді Н.Нәлібаев.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы білім саласына жанашыр азаматтың оқу ордасының дамуына инвестиция салуы игілікті іс екенін алға тартты.

– Ел тәуелсіздігін алған отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мемлекет болып қалыптасты. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болдық. Қазір мемлекет тарапынан білімге айрықша көңіл бөлініп келеді. Жақында алдағы үш жылға арналған бюджет қабылданды. Оның елеулі бөлігі «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыруға қарастырылған. Аталған жоба аясында облыста 20-ға жуық қазіргі заман талабына сай мектеп салынады. Тәуелсіздік жылдарында өзінің маңдай терімен бизнесте жоғары жетістікке жеткен Сейітқали Алшынбаев қаншама ғимараттарды салды. Олардың барлығы қазіргі талаптарға сай келеді. Бүгінге дейін балабақша, мектеп ел игілігіне айналса, енді олардың қатарына колледж қосылды, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Ал колледжді сенімгерлік басқаруға алған меценат Сейітқали Алшынбаев осы шараға қатысушыларға алғыс білдіріп, жерлестерін шын ниетпен туған жерге қызмет етуге шақырды.

Бүгінде оқу орнында 100-ден аса педагог қызмет етеді. Биылғы жылдың өзінде 500-ге жуық студент білім алуда. Алдағы жылы колледж жанынан қосымша оқу-өндірістік шеберхана, зертханалар ашылып, спорт алаңы және жатақхана құрылысы жүргізіледі.

Айта кетейік, соңғы 2 жылда «Жас маман» жобасы аясында өңірдегі 9 колледждің оқу өндірістік шеберханасы мен зертханасын жабдықтауға 2,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 284 қажетті техника мен құрал-жабдықтар алынды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<