Қалаға қарасты шаруашылықтар маңызды науқанды қорытындылады

392

0

Қызылорда қаласына қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдары егін-терім науқанын табысты аяқтады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артты. Түрлі дақылдардан жиналған өнім көлемі жоғарылады. Осылайша диқанның ала жаздайғы бейнеті ақталды.

Қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл 8298 гектарға егін егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 3856, бидай 368, қант құмайы 40, жаздық арпа 2, жаңа жоңышқа 286, ескі жоңышқа 1297, картоп 130, көкөніс 1329, бақша дақылдары 990 гектар.

– Бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдары толық жиналды. Күріштен жоғары өнім алынды. Оның әр гектарынан орта есеппен 51,5 центнер өнім жиналып, 19858 тонна астық құйылды. Сондай-ақ бидайдан 379, арпадан 3 тонна өнім алынды. Шаруашылық құрылымдары бойынша 7098 тонна малазықтық жоңышқа жиналды. Айта кетерлігі, биыл жоңышқадан өнім жоғары болды. Былтыр орта есеппен 35,1 центнерді шамаласа, биыл 44,8 центнерге жетті. Оған қоса картоптан 1625, көкөністен 16612,5, бақша дақылдарынан 13464 тонна жиналды, – деді қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібеков.

Бөлім басшысының айтуынша, егін жинау жұмыстарына 20 жатка, 29 комбайн, 83 трактор, 21 трактор тіркемесі және 5 жүк көлігі қатысты. Оған қажетті 202,4 тонна дизель отыны жеткізілді. Жанар-жағармайды жеткізуге «РК Мұнай» және «Жібек жолы ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері белгіленді. Дизель отынының әр литрі 250 теңгеден сатып алынып, ауыл шаруашылығы құрылымдарының қажеттілігіне жұмсалды.

Сондай-ақ алдағы жылдың егісіне қажетті 1080 тонна күріш, 66 тонна бидай, 0,3 тонна арпа, 34 тонна жоңышқа, 8 тонна қант құмайы тұқымдары бар. Олардың барлығы жоғары репродукциялы сапалы тұқым қоры ретінде бағаланады. Биыл 2900 гектар сүдігер айдау жоспарланған еді. Қазір бұл жұмыстар жалғасын табуда.

Қызылорда қаласы мен оған қарасты елді мекендерде 24922 бас сиыр, 32751 уақ мал, 17393 жылқы, 3170 түйе және 17 мыңнан астам құс есепке алынған. Қала бойынша 1695,1 тонна ет, 2444,7 тонна сүт, 591,4 мың жұмыртқа өндірілді. Ет өндіру 4,2, сүт 0,2, жұмыртқа өндіру 0,9 пайызға көбейген.

Биыл  «Дипломмен  –  ауылға!»  бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақыға 40,6 млн теңге бөлінген. Сол арқылы 110 маманның әрқайсысына 369200 теңгеден берілген. Бөлінген қаржы толығымен игерілген. Ал бюджеттік кредитке 524,2 млн (71 маман) қаралған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<