Қалам қуатындағы өріс пен өрнек

1097

1

Кезінде Сыр бойының халқын өзінің қоңырау қаққан қоңыр даусымен «Қызылорадан сөйлеп тұрмыз!» деп аялай оятқан диктор, белгілі журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Бақтыбай Бердібаев – тумысы да, қаламгерлігі де бөлек жан.

Дарынды журналист өз еңбектерінде өмір өрісі мен тіршілік тынысын сана кө­зі­мен саралайды, терең ой­дың, тегеурінді сөздің иесі екенін танытады. Әр кезде, әртүрлі жағдайда жазылған жазбалардың басын құрайтын «Қайсар қалам» атты кітабы бір жағынан көп жылғы ең­бегінің есебі іспетті.

Кітап «Жүрекке жақын жан­дар», «Отан үшін от кеш­кендер», «Шеберлік шыңына шыққандар» және «Өзгелер өзім туралы» деген төрт та­раудан тұрады. Көпшілікке ой салып, қарымды қаламгердің туындыларымен етене та­ныс­тырады. Ал, Бақтыбай Бер­дібаевтың өзі өмірден өт­кеннен кейін, 2019 жылы баспадан жарық көрген еңбегі «Қоңыр дауысты қа­лам­гер» деп аталыпты. Бұл кі­тапта журналистің өмір жолы мен шығармашылығы жи­нақ­талған. Алғашқы бө­лім­де замандастары мен әріптестері, туған-туыстары ке­ше ғана арамызда жүрген қайсар қалам иесінің бітім-болмысы, таным-тағылымы, рухани дүниесі туралы жан-жақты ой өрбітеді. Ал, өзі­нің соңғы жылдардың бе­дерінде жазылған мақа­ла­лары, очерктері және қа­сиетті Меккеге барған сапарындағы жолжазбасы кітаптың келесі бөлімінде топтастырылған.

Бақтыбай Бердібаевтың журналистік қыры әр алуан. Ол өзінің очерктерінде осы заманғы адам бейнесін жасай отырып, оның тұлғалық, кісілік қасиеттерін ашуға тың қадам жасаған. Зерттеушілердің пі­кіріне сүйенсек, очерк – пуб­лицистикалық жанрлар­дың ішіндегі ең қиын да күр­делісі. Оны тілдік қыз­ме­тіне қарап екі жанрға жа­қындастыруға болады. Бірі – публицистикалық, екіншісі – көркем әдебиет, очерктің портреттік, жолсапар, про­б­лемалық деген түрлері де белгілі. Жалпы алғанда «Очерк публицистикалық жанр ретінде үлгілі оқи­ғаны, құ­былысты, оның кейіп­кер­лерін насихаттайды. Басқа жанр­лардан ерекшелігі очерк­тің бойында көркем әдебиеттің элементтері көп­теп кездеседі. Міне, осы тұр­ғыдан алғанда Бақтыбай Бер­дібаев очерктерінің шоқ­тығы биік.

Байсалды әрі шебер автор оқырманды ерекше сапарға алып шығады, сондай-ақ, жақ­сы құрылым мен ұнамды са­рынның аудиторияға сенім тудыратыны белгілі. Оқыр­ман қайда бара жатқанын білмеуі мүмкін, бірақ автор оқырманды межелі жерге дінаман жеткізу үшін же­телейді. Міне, дәл осы анық­тама Бердібаевтың қасиетті Меккеден жазған жолсапар очерктеріне тән.

Мәселен, «Мекке – құл­шылық қаласы» атты жол­сапар очеркінде автор былай дейді: «Мұсылман қауымы үшін киелі Мекке – мінәжат мекені саналатыны белгілі. Өйткені, жүздеген жылдар бойы төрткүл әлемнің түкпір-түкпірінен сан миллиондаған адамдар легінің бір толас­тамауына қарағанда мұнда бір құдірет бар ғой деп ойлаймын. Осынау қасиетті Құран Кәрім түскен өңірге біздің ата-бабаларымыз да зиярат етуді армандаған бо­лар. Осындай арман Алла­ның рақымымен бізге де бұ­йырды», – деп бастайды да, одан әрі: «…Күнделікті на­мазды мүмкіндігінше қа­сиетті Қағба орналасқан әй­гілі әл Харам мешітінде оқу­ға тырыстық. Себебі, онда оқыл­ған әрбір намаздың сауабы басқа мешіттерде оқылған намаздардың сауабынан жүз мың есе көп болса, осы ау­мақта жасалған сауап та, күнә да сонша еселенетін кө­рінеді» деп очерктің та­нымдық сипатын аша түседі. Сонымен қатар, журналист өзінің сапарындағы кездескен қандай да бір ізгілікті, тәрбие беретін титтей болсын оқи­ға­ның куәсі болса, соны ерін­бей жазып, кейінгіге үлгі қы­лады. Аталған очеркте ол: «Сауап дегеннен шығады. Мы­­на қызықты қараңыз. Са­фа дөңінде өмірлік серігім екеу­міз дұға жасап, Мәруаға қарай сағи жасап кетіп қал­ғанбыз ғой. Соңымыздан қуып келе жеткен әйел тілін тү­сінбесек те ымдап бір нәр­сені айтып жатты. Сөйтсек, жұ­байым Сұлу сөмкесінен бет орамалын алған кезде әмия­ны түсіп қалыпты. Міне, жүрегінде иманы бар адам­дардың адалдығы осындай болса керек. Жалпы, осы киелі топырақта алдыңда ат басындай алтын жатса да, алуға тыйым салынған. Бұл – аймақ тұрғындары үшін де, қажылар үшін де бұлжымас шариғат заңы. Оны орындауға Мекке мен Мәдина халқы бейіл екендігіне көз жеткіздік. Ал, Алла жолында құлшылық етушілердің ары ондай оғаш­тыққа апармасы анық» деп өзінің ішкі дүниесінің та­за­лығынан да сыр береді. Әрине, мұндайда қазақтың біртуар ұлы Сұлтанмахмұт То­райғыровтың «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деген аталы сөзінің пайымына барамыз. Адам қаншалықты өзінің рух тазалығына мойынсұнса, со­ғұрлым оның алдынан бақыт есігінің өз-өзінен ашыла­тын­дығын автор тағы бір рет өз ма­қаласында дәлелдеп береді.

Бақтыбай Бердібаевтың жолсапар очерктерінде тәлім-тәрбиелік, эстеттік тұрғыдағы дүниелерге кез боласыз. Ав­тор тарихи деректерді дәлдік, нақтылықпен фактілерді сөй­лете отырып, риясыз баян­дайды. Сол сияқты танымдық мақалаларында да ол тек қана дәлелдермен адам санасын жаңғыртуға шебер. Мәселен, оның «Алла елшісінің (с.ғ.у) пәк жұбайлары» атты мақа­ласында мұсылман анала­рымыздың қасиетті істері мен олардың тағдыры жайлы ой қозғап, жас қыздарымыз бен аналарымызға тағылымды да ғибратты дүние ұсынады.

Бақтыбай Бердібаевтың баспасөзде жарық көрген про­блемалық мақалалары әлеумет қажеттілігін дер ке­зінде және батыл көтере біледі. Мәселен, оның «Суи­цид – санадан шығудың ше­гі» деген мақаласында ол Мұхаммед (с.а.у.) пайғам­бардың хадисінен: «Кімде кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол әрқашан тозақта сол темірді көтеріп жүреді. Ал, кімде кім у ішіп өлетін болса, ол адам тозақта мәңгі у ішіп жүретін болады. Егер біреу өзін өлтірмек болып таудан құласа, ондай адам тозақта мәңгі құздан құлап бара жатады» деген мәңгілік философияны алға тартады да, қазіргі кездегі белең алып бара жатқан ғасыр дертінің себеп-салдарын іздейді, жур­налистік зерттеу жасайды.

Ол бірде жол полициясы инспекторымен, бірде өз ісінің майталманы – дәрігермен, бірде ұстазбен, бірде жазу­шы, бірде ғарышкер, т.б. сұх­баттасады не солармен болған сұхбатты өзі көтеріп отырған мәселесінің арасына жымдастырып, проблемалық мақала тудырады.

Оның көптеген мақаласы адам денсаулығына, болаша­ғы мен ертеңгі жарқын күн тақырыбына арналады.

Журналист Бердібаевтың публицистикалық мақалала­рын талдап, таразылап, жанр­лық, тілдік-стильдік жағы­нан сараптап, жан-жақты мағ­лұ­мат беру – бір оқушы жоба­сының аумағына сыймақ емес. Сонда да болса, өз әлі­мізше оның мақалаларын оқып, ол туралы жазған есте­ліктерге көз жүгіртіп, ой та­разысына салдық. Осы тұста журналист, ел ағасы, сыршыл да шыншыл кісінің өз кәсібін шын сүйгендігі, сол жолдағы сертінен айнымағандығы анық аңғарылады, кісілік кел­беті танылады.

Облыстық радио хабарла­рын тарату торабында тілші, диктор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінде ұстаз, облыстың бас басылымында бөлім мең­герушісі болып қызмет етіп, Сыр елі руханиятына елеулі үлес қоса білген Бақтыбай Бердібаев бейнесін зейінді ұрпақтың зерттеп-зерделей беретіні анық.

Біздің жазғанымыз сол үл­кен ізденістердің басы ғана.

Құралай ТІЛЕУБЕРГЕНОВА,

№235 орта мектеп мұғалімі.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<