Қаламгермен кездесу

1448

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында көрнекті эколог-жазушы, «Парасат» орденінің иегері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сайлаубай Жұбатырұлының 75 жылдық мерейтойына арналған кездесу кеші өтті.

Іс-шараға облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысып, мерейтой иесіне ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ, жазушы шығармаларының ерекшелігін, теңіз бен адам тағдырын бір шығармада ұштастырып, оқырман қауымға жеткізудегі шеберлігін айтып өтті.

Алғаш 1967 жылы «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» деген проблемалық мақаласымен танылған қаламгердің шығармашылық ғұмыры да теңізбен тығыз байланысты. Оның кейіпкер трагизмі арқылы Арал тағдырын қозғаған «Абыржы» трилогиясы көркем туынды есебінде ел құлағын елең еткізді. «Отты өткел», «Бумеранг», «Жасыл сағым», «Алыстағы аралдар» сияқты кітаптары жарық көрген.

– Сайлаубай Жұбатырұлы «Қазақфильм» киностудиясында, Мәдениет министрлігінде,  Қазақ телевидениесінде, М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында жауапты қызметтер атқарған. Елуге тарта көркем фильмді аударған. Арал, Сырдария, Байқоңыр, Балқаш мәселелерін көтерген қаламгер. Биыл жазушының 75 жылдығына орай облыстық іс-шаралар жоспары әзірленді. Бүгінгі шара – мерейтойды атап өтудің бастамасы. Жыл көлемінде Сайлаубай Жұбатырұлының жастармен кездесуі, экологтармен қоғамдық тыңдаулар, жазушының туған жерінде іс-шаралар жоспарланған, – деді Мира Қазбекова.

Басқарма басшысы жазушыға облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстап, сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ, іс-шарада қаламгердің әріптестері мен замандастары, жақындарының жылы лебіздері айтылды.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Хұсейн Әмір-Темір, ақын, Қаршыға Есімсейітова, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенов жас ұрпаққа өнеге боларлық өсиет әңгімелерін ортаға салды. Қатысушылар Сайлаубай Жұбатырұлының шығармаларындағы азаматтық, отаншылдық, психологиялық, философиялық терең толғаныстар туралы ой бөлісті.

Жазушы кеш соңында барша тілектес жақындарына, кеш ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді. Іс-шара соңында «Теңіз тебіреткен талант» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<