Қалдырған ізі мәңгілік, санада қалды жаңғырып

920

0

         Қызылорда медицина жоғары колледжінде 8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесіне орай «Сағынышқа айналған сәулелі ғұмыр» атты еске алу кеші өтті. Мазмұнды шара 1962-1991жылдар аралығында Қызылорда медициналық училищесінің директоры қызметін атқарған Сара Дәуітбаеваның рухына арналды. Сахна шымылдығы колледж студенттерінен құралған аспапты оркестрдің күйімен ашылды.  

Сара Дәуітбаева 1962 жылдан бастап медицина училищесін үздіксіз 30 жыл басқарған. Сол жылдары саланы өрге сүйреп, облыс медицинасының дамуына айрықша үлес қосты. Жоғары санаттағы ұстаз-дәрігер жемісті еңбек жылдарында «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген дәрігер», «КСРО денсаулық сақтау ісінің озаты» атанып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Қажырлы еңбек», «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медальдарын иеленген. Өз саласының үздігі болған ұлағат иесін бірге қызмет атқарған замандастары, Сыр елі жұрты үлкен  құрметпен  еске алды. Аталған оқу орнында директор қызметін атқарған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова Елордадан арнайы бейне құттықтауын жолдады.  

− Жақсы ісімен мың жасайды деген. Сара Төлегенқызының өнегелі өмір жолында бірге қызмет істеу бақыты маған да бұйырды. Балалар ауруханасында бірге жұмыс істеп, ұлағатты жанның тәрбиесін көрдім. Ол кісінің халық денсаулығының жақсаруына қосқан үлесі ұшаң-теңіз. Жас мамандардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен тазалықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды азамат етіп қалыптастыруда ұстазымыздың еңбегі ерен. Оқу орнына ардақты жанның есімін беру туралы ұсынысты қолдаймын. Білім ордасын отыз жылдан аса уақыт басқарып, саналы өмірін ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған Сара Төлегенқызының есімі мен еңбегін құрметпен еске алып, аруағына тағзым ету біздердің, кейінгі жас ұрпақтың міндеті, − деді Ақмарал Шәріпбайқызы.

         Мұнан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов ойын төмендегіше өрнектеді.

− Саналы ғұмырын халқымыздың рухани өмірін өркендетуге, білім саласын, оның ішінде медицинаны дамытуға арнаған қоғамға сыйлы жан болатын.  Болашақ медицина қызметкерлерін даярлауға үлкен үлесін қосты. Табанды еңбек етіп, өзінің парасатты, үлкенге құрмет, кішіге ізетпен қарайтын болмысымен асқақ беделге, сый-құрметке ие болды. Ардақты жанның есімі  әлі күнге дейін ыстық ықыласпен айтылып келеді. Өз мамандығына адалдық танытқан жанның есімінің қайта жаңғыруы көңілге қуаныш ұялатады, − деді  ол.

         Келесі сәтте колледж ұжымының Сара Төлегенқызына арнаған «Сағынышқа айналған сәулелі ғұмыр» атты естеліктер жинағы таныстырылды. Әріптестерінің рухына арналған жаңа кітаптың лентасын қоғам қайраткері, «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова, Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, облысымыздың Құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов, облыстық медицина саласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Рая Көзденова кесті.

− Ұзақ жыл бір мекемені басқару  − бұл тазалық пен тәртіп. Қызметіне деген адалдық. Сара медицина мамандарын дайындауда оқу-тәрбие ісіне қатты мән берді. Бәрі тапшы уақытта табанды еңбегімен оқу орнын жаңа ғимаратпен, мидициналық құралдармен жабдықтады. Болмысы да ерекше еді. Қай жерде, кімнің алдында болсын ойын тура айтатын батыл еді. Соған қарамастан мейірімді болатын. Бір бала жыламасын деп әрбір балаға ерекше көңіл бөлетін. Кейін студенттері де білімді тәртіппен игерді.  Артында ауыз толтырып айтарлықтай жарқын істері, үлгі тұтар өнегесі қалды. Ғазиз жанның асыл бейнесі, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеттері әлі көз алдымызда, − деді.

         Кездесуге келген әріптестері, достары, шәкірттері естеліктер айтып, рухына тағзым етті. «Анамның көзі де, сөзі де болған киелі шаңырақ − медучилище» деп, Сара Төлегенқызының ұлы Серік Аймұрзаев оқу орнының ұжымына, әріптестерімен достарына алғысын білдірді. Студенттер концерттік бағдарламасын ұсынды. Өнегелі өмір сүріп, өшпес із қалдырған Сара Дәуітбаеваның есімі Сыр халқының есінде ұзақ сақталады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<