Қанаттарың талмасын!

44

0

Елорда төрінде «IQanat-2022» олимпиадасының республикалық слеті өтті. Жалпы білім бәйгесіне еліміздің  түкпір-түкпіріндегі 164 ауданнан 8-сынып оқитын 36 мың бала қатысқан болатын. Нәтижесінде топ жарған 750 оқушы республикалық бәйгеде бақ сынасып, білімін көрсетті. Аталған олимпиадаға облыстан 35 оқушы қатысты.

Тарқатып айтайық,  IQanat олимпиадасы – республикалық жоба,  ауыл оқушыларына арналған. Мақсаты – ауыл мектептері оқушыларының қазақстандық және шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына оқуға түсу мүмкіндігіне ие болуын қолдау. Сонымен қатар, осы олимпиада арқылы ауыл оқушыларының пәнге деген қызығушылығын ояту. «IQanat» қорының басқа да бағдарламалары ауылдан келген мыңдаған балаларға ең жоғары технологиялы мектептердің бірі – IQanat High School of Burabay-ға оқуға түсу мүмкіндігін, озық педагогтармен пікірлесудің баға жетпес тәжірибесін сыйлап, көкжиегін кеңейтеді. Нәтижесінде ауыл балаларының үздік жоғары оқу орындарына түсуіне жол ашады.

Аймақта «Дарын» облыстық косымша білім беру орталығы «IQanat» қорымен арадағы меморандумға сәйкес іріктеу олимпиадасын бірлесе жүргізеді. Республикалық білім бәйгесінде ешкімге дес бермей дарынын байқатқан Қазалы ауданы №249 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Нұрдәулет Әбсұлтанов, Қармақшы ауданы №250 мектеп-лицейінің шәкірті Нұртілеу Жаңбырбаев және Сырдария ауданы №129 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Данияр Жұбаныш  Qanat High School of Burabay мектебіне жолдама алды. Тарих пәні бойынша Қазалы ауданы №24 мектептің 8-сынып оқушысы Сақтаған Нұрислам І орын иеленді. Жүлделі ІІ орынды Арал ауданы №57 мектептің 8-сынып оқушысы Нұралы Нұрасыл жеңіп алды.

«СБ» ақпарат