2021 жылы қаңтар айында көпбалалы аналар 22,5 млн теңгеге жәрдемақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2021 жылы қаңтарда көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 22,5 млн теңгеге орта есеппен 430,3 мың отбасы қамтылды. 2020 жылғы желтоқсанда жәрдемақының бұл түрін 428,3 мың отбасы жалпы сомасы 22 млн теңгеге алды», делінген хабарламада. Ведомствоның мәліметінше, бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан аталған мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. «2021 жылы төлем мөлшері балалардың санына байланысты 46 760 мың теңгеден (4 бала) 81 852 мың теңгеге (7 бала) дейін сараланды, 8 балаға – 93 344 теңге, 9 балаға – 105 012 теңге, 10 балаға – 116 680 теңге, 11 балаға – 128 348 теңге, 12 балаға – 140 016 теңге, 13 балаға – 151 684 теңге, 14 балаға – 163 352 теңге, 15 балаға – 175 020 теңге, 16 балаға – 186 688 теңге беріледі». Еске сала кетейік, көпбалалы отбасыларға олардың кірісі есепке алынбай берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты шеңберінде енгізілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<