Қаза шыққан үйдегі ас беру жөн жоралғысы

8285

0

Алдымен өткенге зер салсақ, ас беру рәсімі қазақ даласына ислам діні келмей тұрғанда, сонау көне сақ, ғұн, түркі заманынан бері келе жатыр. Оны біз археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінен де байқаймыз. Орхон-Енисей өңіріндегі балбал тастардағы сына жазулардан Түркі елін қуатты империяға айналдырған Күлтегінге берілген ас туралы жазба деректі ғалымдар ашты. Демек марқұмдарға арнап ас беру салты сонау ықылым замандардан бері ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүр десек те болады.

Марқұмды еске алу

Қазақта егер ересек адам өмірден өтсе, марқұмды жаназалап жерлегеннен кейін әр аймақтың қалыптасқан салты бойынша жетілігі, бейсенбілігі немесе жұмалығы, қырық күндігі (кей жерлерде 52 күндік), жүзі және бір жылдан кейін жылдық асы беріледі. Оған арнайы мал сойылып, марқұмның алыс-жақын жердегі ағайын туыстары келіп, көңіл қос айтып, қайғысына ортақтасады. Жоқтау айтылады, марқұмның жақсы қасиеттері мен өнегелі істерін еске алады. Ал мұндай рәсімдер сәбиге жасалмайды. Себебі олар өмірден ештеңе көрмей кеткен бейкүнә пәк періштелер. Жасалған күнде де ысырапшылдыққа жол бермей отбасы болып, ет жақын туыстарымен ғана өткізеді.
Қазақтың өткен тарихына үңілсек, бұл фәниден өткен елге белгілі, айтулы адамдардың жыл толғанда берілетін асы оған жасалатын ақырғы зор құрметі болып саналған. Ондай үлкен астарда бірнеше жүздеген киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылады. Бұған әр елдің есімі елге белгілі билері, батырлар, ақындар, палуандар, серілер, көкпаршылар, әнші, күйші, биші, жыраулар шақырылып, үлкен деңгейде салтанатты той ретінде өткізген. Асқа есепсіз мол қаражат, мал-мүлік жұмсалған. Тарихи деректерге сүйенсек, «1860 жылы Ерден Сандыбайұлына 160 жылқы, 200 қой сойылған. Аттың бәйгесі 100 жылқы болған. Осы Ерденге осындай қылып, үш рет ас берген. 1861 жылы Байдәулет Құлбекұлына ас берген. Мұнда бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, 1 ақ отау, 10 түйе берген. 1874 жылы Лабақ Қуатұлына ас берілген. Оған 300 жылқы, 500 қой сойылған. Асқа 700 үй тігілген. Мұның сыртында асқа шақырылғандар әруаққа деп малын, сойысын, сабасын және әкеледі. Аста елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы сынға түседі» (С.Шарипов. екі томдық шығармалар жинағы, 2 том, 295 б. Алматы 1982 ж).

Ертеректе ас көбіне-көп кезінде еліне елеулі, халқына қалаулы, көп жағдайда жасы ұлғайып барып қайтыс болған ер адамдарға ғана арналып берілген. Яғни бұл өлген кісінің артын күту салтының қалың қауымға арналған, қайғыдан гөрі салтанаты басым соңғы рәсімі. Осыған сай мұндайда ас берудің соңы жақсы мағынасындағы, кейінгі ұрпақтың бақытты, шат шадыман өмір сүруі үшін деген тілекпен үлкен тойға ұластырып, ат шаптырып, аламан көкпар тартылған. Алтыбақан ойналып, палуандар белдесіп күрессе, ақындар бірнеше күнге созылған айтысқа қатысқан. Бірақ кейде сирек те болса, әйел адамдарға да ас берілген. Ондай жағдайда жоғарыдағыдай ойын-сауықтар өткізілмей, тек ас арналған адамның қадір-қасиетін ғана еске алып, шағындап беретін болған.

Құдайы ас берудің діндегі орны

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленіп, жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында: «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс», – делінген («Жаназа және жерлеу рәсімдері» – Астана, 2017).
Өткен тарихи оқиғаларды еске алсақ, 1885 жылы Құнанбай дүниеден өткеннен кейін оның өзге балалары «Қазақтың салты бойынша әкемізге ас берейік» дегенде Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ, ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасында оқып жүрген қазақ балаларына жәрдемге берейік», – дейді және осы айтқанын істейді. Құнанбайдың асына шығарылған мал саны туралы нақты мәлімет жоқ. Бір деректерде 100 жылқы, 200 қой делінеді. Абай олардың барлығын сатып, Семейдің интернатында оқитын қазақ балаларына беруі Құнанбайдың өзге балаларына да, ағайындарына да, тіпті көршілес елдерге де ұнамайды. «Құнекеңді атаусыз қалдырды» деп талайлар ренжіген. Мәселен, көршілес Найман руынан Абайдың туған бөлесі Кемелбай Абайға осы жөнінде былай деп өлеңмен сәлем айтады:
«Сәлем де Ыбырайға бөлем еді,
Ас беріп, Құнекеңді елемеді.
Жер ошағын тастады-ау қоңырсытпай,
Бірер күн ел күткеннен өлер ме еді?».
Бұдан түйетініміз діннен хабары бар Абайдың бос даңғаза ысырапқа жол бермей, есесіне сол асқа кететін қыруар қаржыны жастардың білім алуына жұмсағаны әлдеқайда сауаптырақ болатынын түсінгеннен болса керек …

Қазіргі уақыттағы ас беру рәсімі

Иә, уақыт бір орында тұрмайды. Тарихтың қай кезеңін алып қарасақ та, діннен тыс қалған қоғам болмағандығын байқаймыз. Өйткені, дін сол қоғамның негізін құрайды. Қазір заманның ағымы өзгерді. Алайда қазақ бұрынғыдай өткенді құрметтеу, әруақты еске алу сияқты қасиеттерден ажыраған жоқ. “Аруақ риза болмай — тірі байымайды” деген қағиданы берік ұстанған халқымыз аруағын сыйлап, ас беруді ешқашан естен шығарған жоқ. Тіпті, өмірден өткен жақыны түсіне кірсе қорасындағы жалғыз қозысын сойып, оған шамасы келмесе жеті шелпегін таратып, құран бағыштатқан. Бұл үрдіс қазіргі күнде де жалғасып келе жатыр. Жаңарған заманмен бірге ас беру тәртібі де жаңғырып, уақыт талабына сай өзгеруде. Имам-молдалардың: «Құранда Алла тағала ысырапқорларды жақсы көрмейтінін айтқан. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ шектен шығып, ысырап қылмаңдар», – деген. Ас бергенде бір-біріңізбен бәсекелеспеңіздер. Одан да жоқ-жітікке, жетім мен жесірге таратқандарыңыз әлдеқайда сауапты іс болады», – деп айтқан уағыз-насихатын құлаққа іле бермейміз.
Уақыт талабына сай қазір көпшілік асты мейрамханаларда немесе мешіт жанынан ашылған арнайы асханаларда өткізетін болды. Тіпті асты жүргізетін асабаны да арнайы жалдайтын болдық. Асаба емес, ас жүргізуші деп айтқанымыз дұрыс шығар. Өйткені асаба деген сөз халықтың санасында той жүргізушісі ретінде қабылданып кеткен.
Асқа ас жүргізушіні шақырғанның ешқандай ерсілігі жоқ. Бірақ сол ас жүргізуші халықтың көңілінен шығатын болса жақсы. Дүниеден өткен адамның асы болғандықтан ол жерде өмірдің жалғандығы мен өлімнің хақтығы міндетті түрде айтылады. Ас жүргізетін адам діннен хабарым бар екен деп бас-көзге қарамай онсыз да өсімі жоғары кредиттен көз ашпай өмірден түңіліп жүрген жандарды өліммен қорқытып, тозақпен үркітіп, келген адамды одан сайын еңсесін езіп, діннен бездіріп жібермесе дейміз. Бабаларымыздан қалған ғибратты оқиғаларды, асыл сөзді де орнымен пайдаланып, асқа келген адам тағылым алып қайтатындай жүргізгені дұрыс. Асқа шақырудағы басты мақсат – ас ішіп, аяқ босату емес, жақынымыздан айырылу арқылы өмірдің өткінші екенін ұғындырып, тірліктің мәнін түсініп қайтса деген ниет. Ол үшін, әрине, ас жүргізушінің діннен хабары бар, аят пен хадисті орнымен пайдалана білетін, бабаларымыздан қалған өсиетті сөздерді жүйелі қолдана алатын адам болғаны дұрыс. Сонымен қатар асқа келген ағайындар да дастархан басындағы әдепті сақтаса дейміз. Себебі көп жерлерде байқағанымыздай абыр-дабыр айқайлап, одан қалды ұялы телефонымен сөйлесіп, қарқылдап күліп отыратындар да бар екенін жоққа шығармаймыз. Ең сорақысы сол ас басталмай жатып, отыра сала дастарханға қойылған тағамдарды түгелдей сыпырып сиырып, жылан жалағандай етіп, пакетіне қотарып аударып алатындарды да көріп жүрміз. Бұндай ашкөздікті қойып, надандықтан тыйылуымыз қажет. Ендеше ас беру рәсімін мақтаншақтықпен бәсекелеспей, ысырапшылдыққа жол бермей, тағылым алатын шараға айналдырғанымыз дұрыс болар еді.

А. Байқабылов,

Дін мәселелерін зерттеу орталығының

теолог маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<