Қазалы: Бір жыл және кәсіптегі өріс

422

0

Қазалы ауданында өткен жылы өнеркәсіп саласында 21,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 101,4 пайызды құрады. Сондай-ақ аудан кәсіпкерлері өндірген өнім көлемі 16,9 млрд теңгеге жетті. Бұл салада 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Былтыр ауданда 29 кәсіпкерлік нысан ел игілігіне айналды. Биыл олардың қатары тағы 20 нысанға толығады деген жоспар бар. Кәсіпкерлер 16,9 млрд теңгенің өнімін өндірді.

– Ауданда тіркелген 5 912 кәсіпкерлік нысанның белсенділік көрсеткіші 96,4 пайызды құрайды. Былтыр «Бастау бизнес» жобасы бойынша 191 адам білімін жетілдіріп, олардың арасынан 20 адам грантқа қол жеткізді. Өткен жылы 17,3 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 6 450 гектар күріш егілді. Сырдария өзеніндегі су тапшылығына орай биік жерлерге орналасқан күріш егісінің көлемі 543 гектарға қысқартылды. Ендігі кезекте әртараптандыру бағытындағы дақылдарды ұлғайтуға назар аударылуда. Сондай-ақ  «Басықара», «Құмжиек», «Майлыбас» ауылдарында 3 көтерме насос сатып алынып, коллекторлар жөндеуден өткізілді. Айта кетсек, Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Қытай, Нидерланд секілді 6 мемлекетке 1030 тонна күріш, 1030 тонна балық өнімі және 1267 тонна қамыс шығарылды, – деді Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Былтыр Ғ.Мұратбаев ауылындағы жаңадан ашылған аймақта салынатын тұрғын үйлерді ауызсу, газ және электрмен жабдықтау үшін 310,4 млн теңге бөлініп,  тиісті жұмыстар жүргізілді. Оған қоса Әйтеке би кентіндегі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісі жүргізіліп, бүгінде аяқталып қалды. Көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіліп, аудан орталығындағы вокзал маңы және «Жеңіс саябағын» абаттандырудың жоба-сметалық құжаттары дайындалуда.

– Алдағы уақытта ауданға қарасты 15 елді мекен «көгілдір отын» игілігін көреді. Онда 17 мыңнан астам адам, 3 000-ға жуық тұрғын үй, әртүрлі бағыттағы 115 нысан орналасқан. Демеушілік есебінен Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, «Майдакөл», Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу үшін жасалған жоба-сметалық құжаттар сараптамадан өткізілді. Ендігі кезекте мұндай құжаттар «Ақсуат», Байқожа, «Майлыбас» елді мекендері бойынша қолға алынып отыр. Кейінгі жылдары ауыл арасындағы жолдар мен көшелердің жағдайы жақсарды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен көшелерді қайта жаңғыртуға, орташа жөндеуден өткізуге республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Былтыр «Бозкөл», Абай және «Кәукей» ауылдарында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Сол секілді «Кәукей» ауылындағы 100 орындық клуб биыл ел игілігіне айналады. Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 600 балаға арналған мектептің іргетасы қаланады. Аталған жоба бойынша былтыр Жанқожа батыр ауылынан 300 оқушыға арналған мектептің іргетасы қаланған еді. Жыл басында Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп есігін айқара ашты. Сондай-ақ, «Құмжиек» ауылдық округіндегі № 92 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді, – деді аудан әкімі.

Өткен жылы «Бозкөл», Абай, «Кәукей» ауылдарынан дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Одан бөлек, қазіргі Жетес би дәрігерлік амбулаториясы және Ұлттық сараптама орталығының облыс бойынша филиалының Қазалы аудандық бөлімшесі ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Аудан орталығында салынатын 25 төсектік инфекциялық корпус құрылысының сараптамасы бойынша оң қорытынды алынды.

Аудан орталығында көптен бері құрылысы тұралап тұрған 600 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілген. Биыл ауданда «Руханият орталығының» құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Жобаның құны – 1,8 млрд теңге.

Аудан халқының 29,9 пайызы – жастар. Бүгінгі күнге дейін ерікті жастардың қатысуымен барлығы 350-ден астам іс-шара өткізілді. Олардың бос уақытын тиімді пайдалану және ұсыныстарына құлақ түру мақсатында «Жастар керуені» жобасы тұрақты өтіп келеді. Жоба аясында ауылдарда түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<