«Қазалы» кәмпиті Қытайға экспортталмақ

639

0

Фото: ашық дереккөз

Бұл – Қазалы ауданының тарихындағы шетелге экспортталған алғашқы өнім емес. Қазалының қамысын да шетелдіктер аттай қалап алдыртқаны көпшілікке мәлім.

Өткен жылы Қызылорда облысына жасаған сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Қазалы» кәмпитімен танысып, ерекше таңданыс білдірген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

«Қазалы» кәмпиті тіл үйірер дәмімен қазақстандықтардың көңілін жаулап үлгерді. Енді Қазалының брендіне айналған өнім Қытай еліне экспортталуда. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның экологиялық таза майлы дақылдары, ет және басқа да өнімдері Қытай нарығына жол тартты.

Қазалы ауданынан осы уақытқа дейін экспортқа жеке кәсіпкер М.Есқожаевтің күріші, «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-нің балық өнімдері Ресей мемлекетіне, жеке кәсіпкер Т.Игіліковтің балық өнімдері Ресей, Литва, Дания, Әзербайжан, Грузия елдеріне, «Азия-Қамыш» ЖШС қамысы Нидерланды, Германия, Беларусь сынды Еуропа елдеріне экспорттаса, осы жылдан бастап экспортталатын тауарлардың қатары артты. Ол – «Қазалы» кәмпиті. Осы брендпен танылған жеке кәсіпкер Нұрбек Қазбергеновтің өнімі шетелдіктердің де қызығушылығын тудырды. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер өз өнімін Қытай еліне экспорттауды жолға қойды.

«Отандық өнімдеріміз мемлекетімізде ғана емес, Орталық Азия елдеріне де сұранысқа ие болып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады», – деді Қазалы ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<