«Қазақ әдебиетінің» бір дәуірі

3188

0

сурет ашық дереккөзден алынды

Ертең қазақ газеттерінің ішінде шоқтығы биік басылымдардың бірі «Қазақ әдебиеті» газетінің шыға бастағанына 90 жыл толады.

Еліміздің әдебиет, мәдениет және өнер басылымына айналған «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көрген. Онда  «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын» деген сөз беташар ретінде үлкен әріптермен терілді. Бірінші санынан-ақ, басты мақсаты осылай айқындалды. Алғашқы бас редактор Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшы Мұхамеджан Қаратаев болды.

Газет алғашқы жылдары белгілі бір жүйемен жарық көрмесе де өз оқырманын рухани дүниемен сусындатты. Оған дәлел – газеттің таралымы 1934 жылы 1-3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3500-ге жетуі. Десе де,  1940-1954 жылдары газеттің шығуы белгісіз себептермен тоқтап қалды. 15 жылдық үзілістен кейін 1955 жылдың қаңтар айында қайта шыға бастады. Қайта жарық көрген басылымның бас редакторы Сырбай Мәуленов болды. Осы жылдан бастап газет бір жүйеге түсіп, өзіндік жолын қалыптастырды.

1956 жылы газет бетінде аса өзекті ұлттық мәселелер көтерілген кезең болды. Осы жылдары Р.Бердібаевтың «Ең үлкен мәдени байлық», Ә.Нарымбетовтің «Ана тілін ардақтайық», М.Қаратаевтың «Қайта қарауды қажет ететін мәселе», Партия тарихы институтының бір топ ғылыми қызметкерлері Т.Кәкішев, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлімқұлов, А.Байшин, А.Мұқтаров, Қ.Әбілдаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған «Тіл мәдениеті» атты мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. Бұл жарияланымдар қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.

Бұдан кейінгі жылдары да «Қазақ әдебиеті» газеті елдің рухани-мәдени әлеуетінің дамуына зор үлес қосып, ақын-жазушылардың шығармаларын үздіксіз насихаттап, қаламгерлердің шығармаларын талдап-таразылайтын сын мақалалар жариялады.

Соның нәтижесі болар, қазақ әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы үшін басылым 1984 жылы өзінің 50 жылдық мерейтойында «Халықтар достығы» орденімен марапатталған.

«Қазақ әдебиеті» – ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби һәм мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым. Апталық өнерсүйгіш оқырман қауымның эстетикалық талғамын тәрбиелеуде елеулі рөл атқарды.

Басылым қазақ әдебиетінің жоғары идеялық көркемдік сапасын арттырып, көркем өнердің өмірді танытушылық рөлі мен эстетикалық-тәрбиелік мәнін арттыру үшін күреседі. Әдебиет пен өнердің халық өмірімен тығыз байланыста болуына көмектеседі. Оның беттерінде қазақ ақын-жазушыларының өлең, жыр, дастандары, әңгіме, очерктері, роман, повестерінен үзінділер, байырғы мәдени қазынамыздың ел аузында жүрген асыл үлгілері, көне тарихымызға қатысты деректер мен археологиялық-этнографиялық мұралар, қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні және келешегі жайлы байыпты әдеби-сын мақалалар, елдік елеулі мәселелер, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени оқиғалар жөнінде публицистік өткір ой-толғаулар, дүниежүзі классиктерінің үздік туындыларынан аудармалар жарияланады.

Сонымен бірге оқу-ағарту, білім, ғылым саласындағы әр алуан көкейкесті мәселелерді сөз етеді. Кино, театр, сымбат, қолөнердің келелі тақырыптарын кеңінен толғап, белгілі әдебиет, өнер қайраткерлерімен сұхбат жүргізіп, олардың жаңа шығармашылық туындыларын оқырмандарға таныстырып отырады.

«Қазақ әдебиеті» газеті – аты көрсетіп тұрғандай мемлекетіміздегі бірден-бір әдеби басылым. Мыңға тарта ақын-жазушылардың тікелей мінбері. Қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелерді көтерген кезде қазақтың мүддесі арқылы өрбітеді. Мұнда халқымыздың таңдаулы ғалымдары, ойшылдары, түрлі сала мамандары сөйлейді. Көбіне ұлттық болмысымыздың бүгінгі таңдағы өзгеріс құбылыстарына үңілу басым. «Қазақ әдебиеті» бұл – бір жағынан алып қарасаң көп дауысты газет. Бұнда ұлттың болашағына алаңдап қана қоймай, қайткенде де қазақ болып қалудың жолдарын қарастырып, болашағына батыл қадамдар жасалады және оған Қазақстандағы интеллектуалдық күштер молынан тартылған» дейді бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болған Жұмабай Шаштайұлы.

Әдебиетшілерді біріктірген, қазақ әдебиетін дамытуға жұмыс жасаған бірегей газет ұзақ жылдар бойына «қазақ» деген сөзге де, «әдебиет» деген сөзге де әр уақыт лайық болып келеді.

Тарихы терең басылымның әлі де берері көп. Алдағы уақытта да өз оқырмандарын тұшымды дүниелермен сусындататынына сенім мол.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<