Қазақ байлықты қалай бағалаған?

1254

2

Ирландиялық белгілі биз­нес­мен Патрик Рокканың 500 мил­лион евросы сақтаулы тұрған банк күйреп, байлығы суша ағып кет­кендіктен жүйке жүйесі жүлгеленіп, «бізге енді жердің үстінен асты жақсы» деп өзін өлімге байлапты. Америкалық Эли Блэк өзінің  кәсібіне қатысты салықты төмендету үшін 2,5 миллион доллар пара бергені туралы газеттегі ақпаратты оқып, 44-қабаттан секіріп кеткен.

Шетелдік ақпараттан осын­дай хабарлар кездескенде «байлық беріп, сана бермеген сорлыларды» Құдай аясын дей­сің, аузыңа басқа сөз түс­пейді.

Тарихта ең бай мил­лиар­дер­лердің өзінің қара бақыр, соқыр тиын санап жүретініне мысалдар аз емес. ХХ ғасырдың ең бай әйелдерінің бірі Ген­риетта Хоуленд Грин 1916 жы­лы қайтыс болған. Артында ақшалай 20 мил­лиард доллары қалған. Ол Чикагодағы тұтас кварталдардың қожайыны болса да, өмір бойы ең арзан пәтер жалдап тұрған.

Мына бір жағдай тіпті ерсі. Аме­рикалық жас актриса Уэнди Бэнкс 90-ға келген миллионерге күйеу­ге тиеді. Махаббат емес, мақсатын түсініп отырсыз ғой. Бір жылдан соң ауру шал көз жұмады. Адвокаттар қарттың қалдырған өсиетін оқығанда, актриса есінен танады. Қырсық шал 64 мил­лион долларын Макси деген итіне мұраға қалды­рып­ты. Заңнан аттамайтын сот мұраны салпаңқұлақ итке тиесілі деп шешеді. Байлыққа көзі байланған әйел осынша ақшаны итке тастасын ба, төрт аяқты Максиге тұрмысқа шығады. Әлеуметтік желілерде жануарлармен жанұя болып жататын (отбасы емес) осын­дай­ларды көргенде «ақымақ» деп қоя салатынбыз. Сөйтсек, оның астарын білмейтін біз ақымақ екенбіз. Сонымен, әйел мен иттің некесін қиюға тура келеді. Иттің құжатын тастай қылған шал өлерінде оны АҚШ азаматы ретінде тір­кетіп, салық төлеп тұратын қылыпты. Әккі әйел жазықсыз Максиге у беріп өлтірді ме әлде ажалынан өлді ме, әйтеуір төрт аяғы төрден түспеген «АҚШ азаматы» өлген соң, бар  байлықты Уэнди иеленген. 

Тізбелей беріп қайтеміз, өлгеннің артынан жаман сөз айтпайтын қазақтығымызды қайтеміз. Шіркін, қазақтың байларындай болу қайда! 

Біздің халқымыз дүние байлығынан рухани байлықты жоғары қояды. Алайда, рухани байлықты жасау жолындағы материалдық байлықтың ролі үлкен екенін де жақсы біледі.  Абайдың «сұлу аттың көркі – жал, адамзаттың көркі – мал» дегенін немесе  Бұқар жыраудың «шүлдірлеген қы­зыл тілден не пайда, алдыңа салып айдаған малың болмаса» дегенін осы тұрғыдан түсінген абзал.

Мұны қазақтың бұрынғы өткен байлары да жақсы түсінген. Олар өз руының жағдайын жасай отырып, тепе-теңдіктің бұзылмауын ойлаған. Адам мінезінің көркемдігі, жомарттығы, пейілінің кеңдігі, барлығы – байлықтан. Яғни, байлық – адамның көңілін тойдырады. Көңілі тоқ адам айналасына шапағат-нұр төгуге әзір тұрады.

Қазақ «жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген бір ғана мақалымен бай адамның болмысын анықтаған. Өйткені, байлыққа әркімнің қолы жетпейді, бай болу кез келгенге бұйыра бермейтін бақ дегеніміз дұрыс шығар. Байлар қай кезде де руханият өкілдеріне, өнер адамдарына ниеттес болған.

Ауыл-ауылды аралаған ақын-жыршыларды, сал-сері­лерді бай адамдар айлап қонақ қылған, «сөз ақысына» ал­дарына мал салып берген. Соның арқасында ел-жұрт ән-жырға қаныққан. Рухани азық алған. Адамның әлеуметтік жағдайы бірінші орында тұрады. «Қанша шешен болса да – дауға салма малсызды, қанша батыр болса да – жауға салма жалғызды» деген бар. Сондықтан ауылдың бет­кеұстар азаматтарына, өнер­паз­дарға руластары мен ауылдың байлары қамқор қолын созған.

Байлар бұл әрекеті арқылы өздерінің тектілігін танытқан. Өйткені, руханияттан өзі ғана емес, халқының да сусындап өсуіне де мүмкіндік жасаған. Демек, рухани жаңғыру түсінігі қазақ ішінде қашаннан-ақ бар екен. Себебі, рухани толық жетілген ата-ана ғана тәрбиелі, елін-жерін сүйетін ұл-қыз өсірген.

Ал, енді мынау бейшара Бэнкстің қылығы бізге жат, жиіркеніш тудырады.

Байлық сипаты жайлы ұзақ сөз айтуға болады, әсі­ресе қазақ қоғамындағы бү­гінгі байлардың қайырым­ды­лықтарын айта бер­гің келеді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<