Қазақ тілін үйренуге тағы бір контент

1750

0

Жас буынның тіл тағдырына бейжай қарамайтыны қуантады. Жақында Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Алуа Едігеева мен Азиза Жақыпбек қазақ тілін үйренушілер мен тереңірек танығысы келгендерге арнап ««Naqyl söz» қосымшасын ойлап тапты. Жоба жетекшісі – Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Әділжан Науан.

Құрастырушылардың сөзінше, мобильді қосымша үш бағытты қамтиды. Олар – қазақ елінің ұлы тұлғаларының қанатты сөздері, халық арасында кең қолданыстағы мақал-мәтелдер және тұрақты тіркестер.  «Қанатты сөздер» топтамасына нақыл сөздер енгізіліп, авторлары бойынша жіктелген. Ал «Мақал-мәтелдер» бағыты тақырыптық топтарға бөлінген. Мәселен, қолданбада Отан, табиғат, білім, отбасы және тағы басқа тақырыптар бойынша қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер жинақталып тұр. «Тұрақты тіркестер» бөліміндегі сөздер әліппе реттілігі бойынша орналасып, әр сөздің түсіндірмесі, екі тілге (орыс, ағылшын тілі) аудармасы және аудио жазбасымен қоса ұсынылған.

– Қазақ тілі – ұлттың рухани-мәдени байлығының қайнар көзі және ата-бабалардан ұрпағына мұра боп қалған баға жетпес қазына. Қазақстанда тілдің шұбарлану мәселесі бүгінге дейін жалғасын табуда. Ұлттың жаны тілінде десек,  қоғам арасында ана тілдің мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейту өзекті. Жасөспірімдер үшін тұрақты тіркестер, әдеби кұралдар түсініксіз, тіпті беймәлім күйінде қалуда. «Naqyl söz»  – қолданушыларға тілді меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының мәдени ерекшеліктері мен ұлттық құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін қосымша. Ол сөздік қорымызға түрлі тұрақты тіркестерді, көркемдегіш құралдарды, қанатты сөздерді енгізудің тиімді жолдарын ұсынады. Жобамыз қазақ тіліне терең лингвистикалық талдау жүргізіп, яғни материалдарды жинауға ғана емес, сонымен қатар олардың колдану аясын, этимологиясын зерттеп, қолданушыға қазақ тілін тереңірек меңгеруге мүмкіндік береді.

Мобильді қосымша толық жұмыс атқаруға қабілетті, алайда қолданбаның дерекқорын одан әрі кеңейту мақсатында оны жалпыға ортақ қолданысқа ие кеңістіктерге жүктеу мүмкіндігі тумай тұр. Алдағы уақытта «Naqyl söz»-ді әрбір адам өз смартфонына Play Market, AppStore электронды дүкендері арқылы жүктей алатын болады, – дейді Алуа Едігеева.

Қосымшаны құрастырушылар өткен жылы ғылыми жобалар конкурсында жеңімпаз атанып, demo нұсқасын мектеп оқушылары пайдаланып көрген екен.

– Ал толық нұсқасын бірінші болып оқушылар, студенттер немесе қызылордалықтар ғана емес, жалпы қазақ тілін меңгерушілер пайдаланады деп сенеміз. Жас мөлшері мен әлеуметтік статусына қарамастан қазақстандық әрбір азамат қосымшаны қолдану мүмкіндігіне ие болмақ.

Ұсынылған контент қолданушыларының арасында жас ерекшеліктері шектелмеген. Себебі мақсатты аудитория қазақ тілін енді үйреніп жүргендерден бастап, халық нақылдары арқылы сөздік қорын байытқысы келетіндерге дейін қамтылған. Қосымшаны дамыту бағытында алдағы уақытта Play Market және App- Store электронды дүкендеріне қолданбаны жүктеп, авторлық құқық алсақ деген мақсатымыз бар.

Жастардың көп сөздердің мән-мағынасын ұғына бермеуі – жобаны қолға алуға түрткі болған себептің бірі. Сонымен қатар қазақ тілін үйренуге арналған мобильді қосымшаларды талдау нәтижесі бойынша әдеби көркемдік тұрғыдан оқытуға арналған электронды контенттің жоқтығы да себеп болып отыр, – дейді Азиза Жақыпбек.

Айта кетейік, қосымшаның әр бағыты бойынша ұсынылған мақал-мәтел, тұрақты тіркес, ұлағатты сөздердің барлығын аудио нұсқада да тыңдау мүмкіндігі бар. Әрі орыс сыныбының оқушылары өздері сынды күнделікті өмірде бірнеше тілді қатар қолданатын адамдарға арнап орыс және ағылшын тіліндегі аударма нұсқаларын да ұсынып отыр.

Дина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<