«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасын қабылдады

298

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады.

Президентке ұлттық компанияның биылғы бірінші жартыжылдықтағы негізгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштері және газ саласын реформалау жұмыстарының барысы туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «QazaqGaz» ҰК» акционерлік қоғамы 2022 жылдың басынан бастап Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында өз қаражаты есебінен сомасы 400 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаларды іске асырғаны жөнінде баяндалды.

Былтыр жыл басынан бері ұлттық компания халық пен бизнес үшін газ бағасын 389 миллиард теңгеге субсидиялады. Осы кезеңде 450 мыңға жуық қазақстандық табиғи газға қол жеткізді.

Мемлекет басшысына газ тапшылығы мәселесінің шешілуіне қатысты мәлімет берілді. Санжар Жаркешовтің айтуынша, қабылданған шаралар алдағы күзгі және қысқы кезеңде Қазақстанды табиғи газбен артығымен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісіне қатысты жобаның жүзеге асырылу барысы және Қытай Халық Республикасымен жаңа экспорттық келісім-шартқа қол қойылуы жөнінде ақпарат берілді.

Бұдан бөлек, Президентке газ саласының орта мерзімді стратегиясын жүзеге асыру, газ өңдеу қуатын ұлғайту және елімізді одан әрі газбен қамтамасыз ету перспективалары жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысына газдың ресурстық базасын кеңейту жұмыстары туралы да баяндалды. «QazaqGaz» ҰК» АҚ төрағасының айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін жаңа «Анабай» газ кен орны іске қосылады, сондай-ақ «Придорожное» кен орнын игеруге дайындық басталды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарыққа газ жеткізуді тұрақты түрде қамтамасыз етуге, жылыту маусымына уақытылы дайындалуға, үнемді тұтыну тұжырымдамасын енгізуге және баға белгілеу ісін реформалауға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Терең өңдеу саласына мән беру маңызды

Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компания қызметінің нәтижесі жөнінде мәлімет берілді. Биылғы 8 айда  мұнай және газ конденсатын өндіру, мұнай тасымалдау және қайта өңдеу көрсеткіштері бойынша өсім бар екені атап өтілді.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнайдың отандық бренді KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) өндірісін бастады. Қазіргі таңда KEBCO мұнайының экспорт көлемі тұрақты түрде артып келеді. Бұл ретте KEBCO мұнайының бағасы биылғы тамыз айында Brent мұнай маркасының бағасынан асып түсті.

Сондай-ақ Президентке мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай жөнелту қарқыны, соның ішінде күзгі жиын-терім маусымында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігін қамтамасыз ету ісі жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» компаниясы егін жинау науқанына 426 мың тонна дизель отынын бөлген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына компанияның танкер флотын кеңейту, соның ішінде Каспий теңізі мен басқа да ашық теңіз акваторияларында энергетикалық ресурстарды тасымалдауға арналған ірі тоннажды танкерлер санын көбейту жұмыстары туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның өңірлерде жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалары жөнінде есеп берілді. Атап айтқанда, Президентке Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жаңа су тұшыту зауытының құрылысы басталғаны және «Астрахан – Маңғышлақ» магистральды су құбырын реконструкциялау жұмыстарының барысы жөнінде баяндалды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялық  жобаларды жүзеге асыру, көмірсутегі экспортын арттыру және геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Сондай-ақ Президент мұнай мен газды терең өңдеу саласына баса мән беру маңызды екенін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<