Қазақстан халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын жақтайды

347

0

Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Мемлекет басшысы ТМД жанындағы Серіктес және Бақылаушы мәртебесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтіп, бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететініне назар аударды.

Қазақстан Президенті геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін атап өтіп, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін айтты. Бұдан бөлек, Президент Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді. Қазақстанның халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді.

– Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны  қуантады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға шақырды.

– Тығыз сауда-экономикалық байланыстарды дамыту негізгі міндет болып қала береді. Достастыққа мүше елдердің нарықтары біз үшін қашанда басымдыққа ие. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5 миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда кедергілерін жоюға, қолайлы тарифтік жағдай жасауға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге баса мән беру қажет.

Сонымен қатар Президент Достастық кеңістігіндегі көлік дәліздерін дамыту маңызды екеніне назар аударды.

– Біз өзіміздің бірегей географиялық артықшылығымызды пайдаланып, жаһандық нарықтарды ұштастыруымыз керек. Осылайша аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз. Әлемде жаңа экономикалық география қалыптасып, сауда ағындары ұлғая түскен қазіргі жағдайда бұл бағыт стратегиялық маңызға ие болады. Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Транскаспий көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдеріміздің транзиттік әлеуетін нығайту үшін қазіргі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртып, әкімшілік рәсімдерді қысқарту және интеграцияланған логистикалық, соның ішінде цифрлық шешімдерді енгізу шараларының маңызды екеніне арнайы тоқталды. 

Президент ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін келесі басымдық ретінде атап өтті.

– Анағұрлым өнімді әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзара ықпалдастықты күшейткеніміз жөн. Озық тәжірибемен бөлісіп, өндіріс пен өткізілетін өнім арасындағы тізбекті жолға қою, сондай-ақ фитосанитариялық және ветеринарлық талаптарды оңтайландыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, климаттың жаһандық деңгейде өзгеруі елдеріміздің орнықты дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді.

– ТМД-ға мүше бірқатар мемлекеттің аумағында қазіргі экологиялық ахуал нашарлап, шөлге айналу және су қорының сарқылу жағдайында бұл проблеманы елеусіз қалдыруға болмайды. БҰҰ бағалауына сәйкес 2050 жылға қарай климаттағы өзгеріс салдарынан бес миллиардтан астам адам су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Қазірдің өзінде Орталық Азия елдері Жер шарындағы орташа температураның көтерілуіне байланысты күрделі проблемаларға тап болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент еліміздің аталған саладағы маңызды жобалары туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдырмай, Еуразия кеңістігіндегі экологиялық катаклизмдердің салдарын еңсеру мүмкін емес екенін атап өтті. Сондай-ақ ТМД аясында осы бағыттағы конструктивті қарым-қатынасты нығайту аса маңызды деп санайды.

Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселесіне айрықша мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше елдер арасындағы көпжақты ықпалдастықта орыс тілі ерекше рөл атқаратынына тоқталды. Достастық елдерінің волонтерлер бірлестіктерінің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<