Қазақстанда педагогикалық этика және мұғалімдердің құқығын қорғау кеңесі құрылады

582

0

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін Facebook-тегі парақшасында педагог мәртебесін көтеру бойынша қандай жұмыстар атқарылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке «Педагог мәртебесі туралы» заң нормаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Аталған құжаттың маңызды ережелерінің бірі – педагогті міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату. Бұл нормалар жаңа оқу жылы қарсаңында өте өзекті», – деп жазды министр.

Министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, министр осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездесетінін айтты.

«Осыдан бірнеше апта бұрын Ленгір мектеп-интернатында әкімшілік іс қозғалды, онда педагогтерді лауазымдық міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға тартқан. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып, қызметтік тексеру жүргізді. Фактілер расталды және мектеп директорының міндетін атқарушы . әкімшілік жауапқа тартылды», – дейді А. Аймағамбетов. Бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласындағы Молда Мұса атындағы мектепте де қызметтік тексеру жүргізілген.

«Онда мұғалімді мектепті жөндеу жұмыстарына тартқан. Аталған факті тексеру барысында расталды. Мектеп директорының міндетін атқарушы да, Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкері де әкімшілік жауапқа тартылды. Жалпы осы қысқа уақыттың өзінде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерге жүзден астам өтініш келіп түсті. Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға да, оқушылардың ата-аналарына да қатысты 30-дан астам әкімшілік жаза қолданылды. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты шаралар мұнымен шектелмейді. Әкімшілік жазалардан бөлек, жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданады», – дейді ведомство басшысы.

«Мұғалімдердің құқығын қорғау – жергілікті аумақтық орган басшыларының да, мектеп директорларының да тікелей міндеті. Педагогтердің құқықтарын қорғау туралы айтқанда, мұғалімдер өз міндеттерін адал орындау мәселесін де есте сақтауы қажет. Өйткені жаңа Заңның талаптары да жаңа. Педагогикалық қызметпен айналысатын әрбір жан жас ұрпаққа үлгі болып, өз жұмысында адамгершілік қағидалары мен моральдық құндылықтарды басшылыққа алуы тиіс. Мінез-құлық мәдениеті, әдептілік, адалдық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – педагогикалық этиканың негізі. Осы қағидалардың сақталуын бақылау үшін біз мұғалімдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу туралы даулы мәселелерді қарастыратын арнайы алқалы орган құруды қарастырудамыз. Бұл – педагогикалық этика және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес. Мұндай институт алғаш рет пилоттық режимде осы жылдың тамыз айынан бастап, Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеуді бастады. «Болашақта этика бойынша Кеңестер еліміздің барлық аймағында құрыла алады. Олар білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанында жұмыс істейтін болады. Барлығымыз мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп жөніндегі кеңесінің тиімді жұмысының куәсі болдық. Біздің жаңадан құрылған Кеңестеріміздің қызметі соның үлгісі бойынша ұйымдастырылады. Мұның бәрі – үлкен бастама: әр мұғалім өзінің мәртебесін мақтан тұтуы керек. Ыңғайлы жағдайда жұмыс істеп, сапалы білім беруі керек. Өйткені біздің балаларымыздың әл-ауқаты мен білімі ұстаздардың қолында», – дейді Білім және ғылым министрі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<