Қазақстандықтар қолда бар кредитін өтегеннен гөрі жаңа автонесие алуға құмар – талдау

505

0

Бірінші кредиттік бюроның FCBAnalytics талдау орталығы автонесие нарығына арналған ақпараттық талдау жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда 2015 жылдан бастап жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасы жұмыс істейтіні белгілі. 6 жылда Қазақстанның Даму банкі бағдараламаға 82 млрд теңге бағыттаған. Биыл бұл мақсатқа 20 млрд теңге бөлініп отыр.

«Қазақстан даму банкінің деректері бойынша 2015 жылдың көктемінен бастап 2021 жылдың сәуір айының соңына дейін жалпы сомасы 139,6 млрд теңгеге 27,5 мыңға жуық кредит берілген. Бұл осы уақыт аралығында берілген автонесиелердің жалпы санының 10,2% және жалпы сомасының 12,9% құрайды», – деп жазылған ақпараттық-талдамада.

FCBAnalytics мәліметіне сенсек, Қазақстанда автонесиеге деген сұраныс өсіп келеді. 2021 жылғы қаңтар-сәуір аралығында берілген қарыздар саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,3% жоғары болған. 4 айда жалпы сомасы 132,7 млрд теңгеге 27 588 автонесие берілген.

«Бұл, өз кезегінде, портфельдің өсуіне алып келді. Қазақстандықтар қолда бар несиелерді өтегеннен гөрі жаңа автонесие алуға құмар. Автонесиелеу портфелінің жалпы көлемі 12 айда 36,5% артып, 818,1 млрд теңгеге жетті. Ең жоғары өсу қарқыны – оңтүстік өңірлерде, ең төмені-республиканың батысында», -дейді FCBAnalytics сарапшылары.

Автонесиеге деген сұраныспен бірге мерзімі өткен борыштың саны да қатар өсіп отыр. 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, мерзімі өткен қарыздар көлемі 74,2 млрд теңгеге (9,1%), оның ішінде 90 және одан да көп күн мерзімі өткен қарыздар – 44,1 млрд теңгеге (5,4%) жеткен.

FCBAnalytics атлдауында айтылғандай, банктер үшін автонесие әлі де болса аса табысты өнім болып саналмай отыр. Осының салдарынан елдегі автопарк айтарлықтай ескі күйінде қалып отыр.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, республикада тіркелген жеңіл автомобильдердің 64,3%-ына 10 жылдан асқан.

«4 айдың қорытындысы бойынша елде шығарылған жеңіл автомобильдердің көлемі 8,5% өсті. Дегенмен, Қазақстан дәстүрлі түрде автомобильдердің таза нетто-импорттаушысы болып отыр. 2021 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша көлік экспортынан түскен әрбір долларға импортқа жұмсалған 18 доллар келген», – деп жазылған талдауда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<