Құқықтық мониторингтің маңызы мол

698

0

Қазақстан Республикасында қазіргі заманғы құқықтық жүйенің қалыптасуы елімізде қабылданып жатқан заңнамалар сапасының қарқынды дамуымен, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің санының және нормашығармашылық қызметтің артуымен тығыз байланысты.


Ал қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің санының артуы әртүрлі құқықтық ақауларға, атап айтқанда, қарама-қайшылықтар, қайталанулар, құқықтық сызаттардың орын алуына әкеп соғуы әбден ықтимал. Мұндай жағдай құқықтық реттеудің тиімділігі мен тұтастылығын әлсіретеді және жекелеген нормативтік құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлық көріністеріне жағдай туғызуына ықпал етуі мүмкін.


Сондықтан нормашығармашылық қызмет нәтижелерінің бірыңғай, тұрақты мониторингінің кешенді үрдісін ұйымдастыру – қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің сапасын арттырудағы туындап отырған басты қажеттілік.


Нормативтік құқықтық актілерді тұрақты талдау ондағы қайшылықтарды анықтап, заңдарға сәйкестендіру шараларын қолдану Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және оның аумақтық органдарының қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.


Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілері ең алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясына және Заңдарына сай болуы керек.


Қазақстан Респубикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңында нормативтiк құқықтық актiлердiң құқықтық мониторингi – қабылданған нормативтік құқықтық актілерде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшылықтарды, қайталануларды, олқылықтарды, тиімсіз іске асырылатын, ескірген және сыбайлас жемқорлықтық құқық нормаларын анықтау және қабылданған нормативтік құқықтық актілерді іске асыру тиімділігін болжау, талдау, бағалау арқылы оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында жүргізіледі.


Бұл норма, нормашығармашылық қызметпен айналысатын мемлекеттік басқару органдары өздері қабылдаған нормативтік құқықтық актілеріне тұрақты тексеру жүргізіп отыру қажеттілігін жүктейді. Яғни уәкiлеттi органдар өздерi қабылдаған немесе әзiрлеушi болып табылатын нормативтiк құқықтық актiлердiң құқықтық мониторингiн жүзеге асыруға және оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, олардың күшi жойылды деп тану жөнiндегi шараларды уақытылы қабылдауға мiндеттi.


Әділет департаментімен 2021 жылдың 6 айына нормативтік құқықтық актілерге қатысты мониторинг жүргізудің нәтижелері бойынша жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен ұсынылған ақпараттарына талдау жүргізілді.


Департамент тарапынан мониторинг нәтижелері бойынша жасалған талдаудың мақсаты – нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын қамтамасыз ететін шаралардың бірі – мониторингтің тиімділігін анықтау болып табылады.
Қызылорда облысы бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер саны – 950.


Заңнамаға қайшы келетін қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіруді талап ететін 54 нормативтік құқықтық акті анықталып, заңнамаға сәйкес келтірілгені 14 нормативтік құқықтық акті.


Ескірген нормалардан 27 нормативтік құқықтық акті анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтірілгені 6 нормативтік құқықтық акті.


Өзге 9 нормативтік құқықтық акті анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтірілгені 6 нормативтік құқықтық акті.


Заман ағымына сай заңдар жүйесіне де өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп тұратыны белгілі.


Дамудың барлық салаларымен қатар, қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеп отыратын нормативтік құқықтық актілер де жаңаша ережелерді қажет етеді. Ал, қажеттілікке сай жаңа ережелерді дер кезінде енгізу, ол мемлекеттің дамуға, өзінің бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдеуге деген белсенділігін көрсетеді.


Соңғы уақытта елімізде бірқатар маңызды құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.


Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 24 мамырдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды.


​Конституциялық заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланатын болады. ​Яғни, өз кандидатурасын ауыл тұрғындарының өздері де, өз мүшелерінің арасынан тіркелген саяси партиялар да ұсына алады.


Сондай-ақ ауыл әкімдігіне кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталған кезде бір ғана кандидат ұсынылған жағдайда, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің жергілікті қауымдастық жиналысының келісім бойынша екі кандидатқа дейін сайлауға қатысуды қамтамасыз ете отырып, кандидаттарды немесе өз кандидатын ұсынуға құқығы бар.


Бұл дегеніміз – ауыл әкімдерін тікелей сайлау азаматтарға өздерінің конституциялық құқығын толыққанды іске асыруға мүмкіндік береді деген сөз.
Сот төрелігінің халықтың соттарға деген сенімін арттырып, орнықтыру – басты мақсат.


Осы мақсатты жүзеге асырудың бір маңызды тетігі 2021 жылғы 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) болып табылады.


Кодекс өз кезегінде әкімшілік рәсімдерді және әкімшілік сот ісін жүргізу бөліктерінен тұрады.


Әкімшілік әділет жүйесінің басты мақсаты жария-құқықтық қатынастарды жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу болып табылады.

Жаңа кодекс бойынша азамат мемлекеттік органның шығарған әкімшілік актісімен келіспейтіні туралы «талап қоюмен» жүгінсе жеткілікті. Сот талап қоюшыға талап қоюды дұрыс толтыруға, формальды қателерді түзетуге, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеп, өзінің шығарған шешімінің орындалуын бақылайды.


«Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңға қарағанда, жаңа кодексте дауларды әкімшілік әділет тәртібімен шешу реттеледі, яғни өтініштерді әкімшілік органның немесе лауазымды тұлғаның ғана қарау және жоғары тұрған әкімшілік органдарға шағымдану рәсімі ғана емес, сондай-ақ шағымдарды мемлекеттік соттардың кейіннен қарауы (әкімшілік сот ісін жүргізу) көзделген.


Демек, әкімшілік әділетті енгізу құқықтық мемлекетті дамытуда маңызды қадам болуға және Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге тиіс.


Қорыта келгенде, нормашығармашылық кез-келген мемлекеттік органға берілмеген қызмет, оны қабылдауға тек заң шеңберінде ғана мемлекеттік басқару органдары құқылы. Ал нормативтік құқықтық актілерді қабылдап, оны тиімді қолдану жеке мүдденің мәселесі емес, сондықтан барлық қабылданған нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасының Конституциясына өзге де заңнамалық актілерге негізделуі тиіс және ең бастысы, адам мен азаматқа және қоғам игілігі үшін қалтқысыз қызмет етуі қажет.

Ол үшін нормативтiк құқықтық актiлердің тұрақты әрі сапалы мониторингінің атқаратын ролі ерекше. Өйткені жергілікті мемлекеттік органдар қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлер әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтеді, яғни мемлекеттік маңызға ие құжат.


Құқықтық мониторингтің негізгі мақсаты заңнамалық актілер жүйесінің жағдайын кешенді талдау үшін қажетті ақпараттарды алудан, құқықтық жүйенің қызмет етуінің тиімділігін бағалаудан, заңнамаларды жетілдіру мақсатында мониторинг нәтижелері негізінде нормашығармашылық қызметтің сапасын арттыру және нормативтік құқықтық актілердің барлық қозғалысын, соның ішінде, оның әзірлену сатыларын, қабылдануын, қолданылуын, өзгерістер мен толықтырулар енгізілуін, сондай-ақ, орындалуын тұрақты қадағалау жүйесін белсендіру, еліміздің атқарушы және өкілді билік органдарының құқық қолдану практикасының үрдісін қадағалау болса, біржағынан, ұйымдар мен азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеру деп түйіндейміз.


Сондықтан нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингіне оң көзқараспен қарап, заң талаптарын тиісті дәрежеде орындасақ, біздің Тәуелсіз еліміздің нормашығармашылық қызметімен құқық қолдану практикасы нығая түседі деп тұжырымдаймын.

Нұрсұлу АРЗЫҚҰЛОВА,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің
бас маманы,


Қазақстан Заңгерлер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<