«Alem AI»: Өңір делегациясы жасанды интеллект орталығында болды

4

0

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған өңір делегациясы Астана қаласына жұмыс сапарында жаңадан ашылған «Alem AI» халықаралық жасанды интеллект орталығының жұмысын көрді.

«Astana Hub» халықаралық техно­паркінің бас директоры Мағжан Мәдиев орталықтың негізгі бағыттары мен инфрақұрылымын таныстырды. Деле­гация мүшелері жасанды интеллект саласындағы инновациялық жобаларды біріктіретін сегіз қабатты бірегей эко­жүйені аралады.

Облыс әкімдері арасында Мұрат Нәлқожаұлы бірегей орталыққа арнайы барған алғашқы аймақ басшысы.

Орталықта жасанды интеллект әлеміне арналған иммерсивті көрмелер мен интерактивті кеңістіктер, жасөс­пірімдердің технологиялық дағдыларын дамытуға бағытталған «TUMO Astana» бағдарламасы, Қазақстандағы алғашқы «Tomorrow School» жасанды интеллект мектебі, ғылыми зерттеулер жүргізуге және стартаптарды қолдауға арналған ЖИ-кампус, халықаралық техноло­гия­лық компаниялардың зертханалары орналасқан.

Кездесуде өңірдегі жобаларды жү­зе­ге асыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану мәсе­лелері қаралды. Қазіргі уақытта «Kyzylorda Hub» өңірлік технопаркі базасында инновациялық жобаларды қолдау, жергілікті ІТ-қоғамдастықты дамыту және жастардың цифрлық дағ­дыларын арттыруда жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Жұмыс сапары кезінде цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға, тәжірибе алмасуға қатысты мәселелер де талқыланды. Бұдан бөлек, облыс әкімі Astana Smart City жобасының Ситуациялық орталығындағы қалалық инфрақұрылымды бақылау, деректерді талдау және қала қызметтерінің жұмы­сын нақты уақыт режимінде үйлестіру мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, қаладағы процестерді басқаруға және түрлі ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды қам­тамасыз етуге арналған жасанды ин­теллект негізіндегі платформа көрсетілді.

Astana Smart City жобасы қаланы тиім­ді әрі қауіпсіз басқаруға мүмкіндік бе­ретін жаңа буын интеллектуалды инфра­­құ­ры­лымын қалыптастыруға бағыт­талған.