Құрылымдық реформалар жүргізуді тапсырды

403

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады.

Президентке еліміздің ауыл шаруашылығы секторының биылғы 10 айда атқарған жұмыстарының негізгі көрсеткіштері жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысына Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында бекітілген міндеттердің орындалуы туралы баяндалды, сондай-ақ аталған саланы одан әрі жетілдіруге қатысты жоспар таныстырылды.

Айдарбек Сапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа жиын-терін науқанының қорытындысы, биыл отандық шаруалардың қиын жағдайда жұмыс істегені және Үкімет қабылдаған қолдау шаралары жайында айтты.

Кездесу соңында Президент министрге саланы 5 жыл ішінде дамудың жаңа белесіне шығару, соның ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есе арттыру жөнінде міндет жүктеді. Ол үшін аталған салада мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруге, шаруаларды жеңілдетілген қаржымен және субсидиямен қамтамасыз етуге, егіс алқаптарын әртараптандыруға және ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға бағытталған құрылымдық және институционалдық реформалар жүргізу қажет.

Газ бағасы қымбаттайды

2024 жылдың бірінші тоқсанында сұйытылған мұнай газының 1 литрі шамамен 5 теңгеге қымбаттайды. Онан кейін алдағы 3 жылдың ішінде газ бағасы әр 6 ай сайын өсіп отырмақ. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың сөзін Kazinform келтірді.

«Бүгінде республикада айына 135 мың тонна сұйытылған мұнай газы өндіріледі. Тұтыну мұнан көп. Соған байланысты тапшылық туындайды. Автомобиль иелерінің көпшілігі сұйытылған мұнай газына ауысып жатқанын білеміз» деді ол БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Вице-министрдің атап өтуінше, өндіріс тұтыну көлемін қамтамасыз ете алмай отыр.

«Сондықтан да бірқатар шара қабылдадық. «Теңізшевройлмен» ішкі нарыққа ай сайын 10 мың тонна газ жеткізуге уағдаластық. 13 қарашада сұйытылған мұнай газының экспортына толық шектеу енгіздік. «Казросгаз» компаниясымен Орынбор мұнай өңдеу зауытынан сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін бағыттау туралы келістік. Қазіргі уақытта тапшылық байқалмайды» деді вице-министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<